Алматыда 160 мың көшет отырғызылады

18 Шілде 2023, 21:05
452
Бөлісу:
Алматыда 160 мың көшет отырғызылады
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Бір ескі ағаштың орнына 10 жаңасы отырғызылады. Алматыда 84 мыңнан астам апатты ағаш бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының мониторинг бөлімінің басшысы Нұрлан Құттыбаевтың айтуынша, ағаштарды тізімдеу 2019 жылы жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша кесілуге тиіс апатты ағаштар анықталды. 

«Бұл жұмыстар былтыр басталды, бүгінде 5 мыңы кесілді. Жоспар бойынша, биыл 16 925 апатты ағаш кесіліп, жыл басынан бері 2,5 мыңнан астам ағаш алынды. Оның орнына 1:10 жүйесі бойынша көшет отырғызылады, яғни 160 мыңнан астам көшет егіледі», - деді Нұрлан Құттыбаев. 

Ол үшін маманның айтуынша, байқау жарияланып, мамандандырылған ұйымдармен шарт жасалды. 

«Қазіргі уақытта Алматы қаласының аумағында апатты ағаштарды кесуге 35-тен астам техника – автожолдар, өзі аударғыш жүк көліктері, сонымен қатар, 180-ден астам адам жұмылдырылды. Жұмыстар жасыл желектерді күтіп ұстау талаптарын сақтай отырып жүргізіледі», - деді спикер. 

Ағаштың апаттылығын анықтауға институттардың ғылыми қызметкерлері, қала тұрғындары тартылып, мұқият талдау жасалады. Нұрлан Құттыбаевтың айтуынша, жақын маңдағы үйлердің тұрғындары жасыл желектерді кесудің басталғаны туралы алдын ала хабарланады. Бұған дейін арнайы белгілер орнатылып, аумақтар қоршалады.

Өзгелердің жаңалығы