Алматыда 1200-ге жуық пәтердің тұрғындары баспанасынан айырылып қалуы мүмкін

 видео кадры 27 Қазан 2026, 11:44
27 Қазан 2026, 11:44
361
Фото: видео кадры
Алматыдағы «Алтын Бұлақ-1», «Алтын Бұлақ-2», «Кәусар», «Жағалау», «29 квартал» және «Үштөбе» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары үндеу жолдап, жағдайды бақылауға алуды сұрады. Олардың айтуынша, «Ondiris Building» ЖШС мен «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ арасындағы дау салдарынан пәтерлерінен айырылып қалу қаупі туындаған. Ал Қор тұрғындардың құқықтарын қорғауға басымдық беретінін және мәселені заң аясында шешуге күш салып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Тұрғындар неге алаңдап отыр?

Тұрғындардың үндеуінде алты тұрғын үй кешеніндегі 1 200-ден астам пәтердің тағдырына қатысты мәселе көтерілген. Олардың айтуынша, көп жылдан бері пәтерлерін кейін сатып алу шартымен жалға алып, ай сайын төлем жасап келеді. Бірқатар тұрғын баспанасының толық құнын төлеп қойған, ал мыңнан астам адам төлем жасауды жалғастырып жатыр.

Алайда тұрғындардың сөзінше, Қордың шоттарды бұғаттауына байланысты қазір төлем жасау қиындаған. Бұған қоса, кейбір азаматтардың жалдау шартының мерзімі аяқталуға жақын, ал алдын ала сатып алу-сату шарттарының мерзімі 20 жылға дейін созылады.

Тұрғындар «Ondiris Building» ЖШС өздері пәтер үшін төлеген ақшаны «Проблемалық кредиттер қорына» толық аудармағанын айтады. Олардың мәліметінше, 2019 жылдан бері компания тұрғындардан 14 миллиард теңгеден астам қаражат жинағанымен, Қорға шамамен 5 миллиард теңге ғана аударған.

«Қалған қаражат қайда жұмсалды?» деген сауал қойған тұрғындар Қор жалдау және кейін сатып алу шарттарын, сондай-ақ пәтерлерді сатып алу-сату туралы келісімдерді мойындамай отырғанын алға тартады.

Олардың айтуынша, Қор «Ondiris Building» ЖШС-нен 67 миллиард теңге берешекті өндіріп алу үшін экономикалық сотқа жүгінген. Сонымен қатар компанияға қатысты атқарушылық іс жүргізу басталып, іс жеке сот орындаушысына берілген. Тұрғындар компания қызметіне байланысты қылмыстық іс те қозғалғанын хабарлады.

Тұрғындардың пікірінше, осындай жағдайда Қор кепілдегі пәтерлерге өндіріп алу шарасын қолданып, оларды үшінші тұлғаларға сатуы мүмкін. Бұл олардың отбасыларымен бірге баспанасыз қалу қаупін туғызады.

Неліктен пәтерінің ақысын толық төлеген немесе өз міндеттемелерін адал орындап келе жатқан азаматтар өз баспанасынан айырылып қалу қаупіне тап болуы керек?, – деп сұрады тұрғындар.

Олар жағдайды бақылауға алып, азаматтардың тұрғын үй және мүліктік құқықтарын қорғауға көмектесуді сұрады. Тұрғындардың айтуынша, олар бұған дейін де Қор өкілдерімен бірнеше рет кездесіп, мәселені шешу жолдарын қарастыруды өтінген. Алайда олардың пікірінше, осы уақытқа дейін түйткіл толық шешілмеген.

Қор не дейді?

«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ редакцияның сауалына берген жауабында бұл жағдайдың қалай қалыптасқанын түсіндірді.

Қордың мәліметінше, 2017 жылы Қазақстанның банк секторын сауықтыру шаралары аясында оған тұрғын үй нысандарының құрылысын аяқтауға және жылжымайтын мүлікті өткізуге қатысқан ұйымдардың берешегі бойынша талап ету құқықтары берілген. Кейін тиісті міндеттемелер «Ondiris Building» ЖШС-не ауыстырылған.

Қордың түсіндіруінше, жылжымайтын мүлік нысандары Серіктестіктің міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету үшін кепілге қойылған. Ал берешекті тұрғындардан пәтерлер үшін түсетін қаражат есебінен өтеу көзделген.

Серіктестіктің өзіне алған міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамауы жекелеген жылжымайтын мүлік нысандарын кепілден босатуға және азаматтардың сатып алған тұрғын үйлеріне меншік құқығын ресімдеуіне байланысты қиындықтардың туындауына әкеп соқты, – деп хабарлады Қор өкілдері.

Ведомство азаматтардың тұрғын үйге қатысты заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға басымдық беретінін атап өтті. Қордың мәлімдеуінше, қалыптасқан жағдайды заңнама талаптарына сәйкес шешу үшін өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Сот Қордың 67,6 миллиард теңге өндіру туралы талабын қанағаттандырған

Қордың мәліметінше, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2026 жылғы 28 тамыздағы шешімімен «Ondiris Building» ЖШС-нен 67,6 миллиард теңге берешекті өндіріп алу туралы талапты қанағаттандырған.

Қор бұл шаралар тұрғындарды баспанасынан айыруға бағытталмағанын мәлімдеді. Керісінше, оның түсіндіруінше, берешекті өндіріп алу жылжымайтын мүлікті кепілден босатуға және азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін құқықтық тетіктердің бірі саналады.

Аталған шаралар азаматтарды баспаналарынан шығару немесе тұрғын үйлерінен айыру мақсатын көздемейді. Азаматтардың мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың бұзылған тұрғын үй құқықтарын қалпына келтіру Қор үшін басым міндеттердің бірі болып қала береді, – делінген жауапта.

Қор тұрғындардан түскен қаражаттың пайдаланылуына қатысты мәселелер бойынша да тиісті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады. Алайда осы жағдайдың жекелеген мән-жайлары сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қарастырылып жатқандықтан, қосымша ақпарат жариялауға шектеу бар екенін ескертті.

Қордың кепілінен 596 жылжымайтын мүлік нысаны босатылған

Қордың хабарлауынша, атқарылған жұмыстардың және «Ondiris Building» ЖШС міндеттемелерінің ішінара орындалуының нәтижесінде кепілдегі 596 жылжымайтын мүлік нысаны, оның ішінде 361 пәтер босатылған.

Сонымен қатар Қор мен тұрғындардың бастамашыл тобы пәтерлерді кепілден кезең-кезеңімен босату тетігін әзірлеген. Осы тетік аясында 2025 жылғы қазан мен 2026 жылғы маусым аралығында 32 пәтерді кепілден босатуға мүмкіндік туған.

Қордың мәліметінше, қазір жағдайды реттеу үшін «Ondiris Building» ЖШС өкілдерімен, тұрғындардың бастамашыл топтарымен және жергілікті атқарушы органдармен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Қор барлық мүдделі тарап үшін қолайлы шешім табуға бағытталған құқықтық тетіктерді қарастыруды жалғастыратынын мәлімдеді.

Сондай-ақ ведомство тұрғын үйге қатысты қаржылық міндеттемелерді орындау және сатып алынған пәтерлерге меншік құқығын рәсімдеу мәселелерінің әлеуметтік маңызын ескеретінін атап өтті.

Қордың жауабында аталған жағдайға байланысты жекелеген мән-жайлар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқаны да айтылған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу деректері заңнамада белгіленген тәртіппен және шектерде ғана жария етіледі. Осыған байланысты Қор нақты мән-жайлар бойынша егжей-тегжейлі түсініктеме бере алмайтынын хабарлады.

Қор қалыптасқан жағдайды реттеу бағытындағы жұмысты уәкілетті мемлекеттік органдармен және тұрғындардың өкілдерімен бірлесіп жалғастыратынын мәлімдеді.

Наверх