24 қазанда сағат 22:30 шамасында Петропавлда патрульдік полиция батальонының командирі Қуаныш Сүлейменов пен оның орынбасары Жомарт Тасбаев өртеніп жатқан үйден 63 жастағы ер адамды құтқарды.
ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер Новопавловка ауданындағы саяжай қоғамын патрульдеу кезінде өртті байқап, өрт сөндірушілерді шақырған. Содан кейін оқиға орнына қарай бет алған.
Көршілердің бірі үй ішінде адам болуы мүмкін екенін айтқан. Полицейлер көрші учаскенің қоршауынан асып өтіп, отқа оранған үйдің жанынан саяжай иесін тапқан.
Қатты ыстық пен жарылып жатқан шиферге қарамастан, тәртіп сақшылары ер адамды қауіпсіз жерге шығарып, жедел жәрдем шақырған.
Құтқарылған азамат патрульдік көлікте біртіндеп есін жиған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалынды сөндірді.
Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында ер адамның өмірі сақталып қана қоймай, өрттің көрші құрылыстарға таралуына да жол берілмеді.
Оқиға туралы саяжай қоғамының төрайымы WhatsApp чатында полицейлерге алғыс білдіргеннен кейін белгілі болды.