Әлеуметтік желілерде Алматыдағы "Тұран" университеті түлектерінің наразылығы айтылған хабарламалар тарады. Университет басшылығы диплом тапсыру рәсімінің ақылы болуына қатысты дауға жауап берді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Университет өкілдерінің сөзінше, Алматыдағы Қабылдау үйін жалға алу қымбатқа түскендіктен, түлектермен бірге келетін қонақтар 10 мың теңгеден төлеуге мәжбүр болады.
Түлектер көптен күткен диплом тапсыру рәсімін бойкоттауды жоспарлап отыр. Биыл олар бітіру кешінде концерт пен фуршеттен айырылып қалды, ал студенттердің ата-аналары салтанатты шараға кіру үшін 20 мың теңге төлеуі керек.
Университет басшылығының айтуынша, түлектер дипломды өздері "Тұранның" акт залында емес, Алматыдағы Қабылдау үйінде алғысы келген.
Түлектер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, олардың басым бөлігі дипломды әсем безендірілген, сәнді залда – мерекелік атмосферада алғысы келетінін білдірді, – деп түсіндірді университет өкілдері.
Қонақтар үшін ақылы кіру шартын енгізуге залды жалға алу шығындарының көптігі себеп болған.
Университет тарапынан залды жалға алу және іс-шараны техникалық тұрғыда қамтамасыз етуге кеткен қомақты қаржылық шығындарды ескере отырып, түлектерге еріп келген тұлғалар үшін ақылы кіру шешімі қабылданды, – делінген университет жауабында.
Сондай-ақ рәсімге түлектерге өздерімен бірге екі ғана қонақ алы келуге рұқсат берілген, себебі Қабылдау үйінде басқа қонақтарға орын жетпейді.
Еріп келушілер санының шектелуі Қабылдау үйі залының сыйымдылығына байланысты – зал 700 адамға арналған. Биылғы түлектер саны – 1 310 адам. Түлектер үшін салтанатты рәсімге қатысу тегін, – деп атап өтті университет бамшылығы.
Университет әкімшілігі диплом тапсыру рәсіміне қатысу ерікті түрде екенін қоса айтты.
Бұл жағдайға Алматы қаласының студенттер омбудсмені Айболат Сембиев назар аударды. Ол бұл мәселені шешу мақсатында Ғылым министрлігіне және университет басшылығына жүгінгенін айтып, ресми жауапты жақын арада күтетінін жеткізді.