Алматы облысында техникалық мамандарға сұраныс жоғары

14 Ақпан 2022, 18:18
1262
Бөлісу:
Алматы облысында техникалық мамандарға сұраныс жоғары

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұрат «Jetisý Media» ақпараттық алаңында өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, 2022 жылдан бастап Президенттің тапсырмасына сәйкес Жастар практикасы бағдарламасына өзгерістер енгізілген. Жастар практикасы және алғашқы жұмыс орыны Еңбек мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыты ретінде 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді және халық ішінде кеңінен таралған.

Жастар практикасына студенттер, жоғары оқу орнын бітіріп келген және оқу орынын тәмамдағанына 3 жылдан астам уақыт болмаған жастар қатыса алады.

Бұрын бағдарламадан өту мерзімі 6 ай болған, биылдан бастап ол 12 айға көтерілді. Жалақысы бұрын 20 АЕК болатын, биыл 30 АЕК-ке артты, яғни 91 850 теңге. Бұл оқуын енді ғана тамамдаған, тәжірибесі жоқ азаматтар үшін жаман жалақы емес, қолына таза 75-80 мың теңге көлемінде еңбекақы алады.  Ал, Алғашқы жұмыс орыны бойынша 18 айға дейін жұмыс істеуге мүмкіндік берілді, жалақысы 91 980 теңге. Оған 29 жасқа дейінгі жұмыссыз отырған жастар қатысады,-дейді Маржан Мұрат.

Сонымен қатар ол бұл бағдарламалар жастар арасында бәсекелестікті арттыратынын, жұмыс беруші талабы жоғары, қабілетті жастарды тұрақты жұмысқа алып қалатынын жеткізді.

Жастар осы бір жыл ішінде тәжірибе жинақтай алады. 2021 жылы осы бағдарлама аясында 1726 жас практикадан өтіп, олардың 86 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды. Биыл 1426 жасты осы бағдарлама бойынша қабылдауды жоспарлап отырмыз, жыл басынан бері 161 адам жастар практикасынан өтіп жатыр. Ал, Алғашқы жұмыс орны бойынша 58 адам бүгінде жұмыс істеуде,-деді ол.

Оның айтуынша, Жастар практикасына кәсіпорындар мен түрлі өндіріс орындары өздеріне қажетті мамандық бойынша өтінім береді екен.

Жұмыс берушілер Жұмыспен қамту орталығына өздеріне қажетті мамандар бойынша өтінім тапсырады. Қазір негізінен техникалық мамандықтар жетіспеушілігі бар, өтінімдердің көбі осы мамандықтар бойынша,-деді басқарма басшысы. 
 

Өзгелердің жаңалығы