Алматы облысында сел кезінде қауіпті 57 учаске бар: Соңғы нөсерден кейінгі ахуал қандай?

Сел қаупі бар аумақтар негізінен өзен арналары мен таулы аймақтарға жақын орналасқан.

9 Шілде 2026, 16:41
АВТОР
 Фото: ТЖМ 9 Шілде 2026, 16:41
9 Шілде 2026, 16:41
202
Фото: Фото: ТЖМ

Алматы облысында өңірдің Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының мәліметінше, өңірде сел қаупі бар 57 учаске анықталған. Соңғы нөсерден кейін бірнеше өзенде су деңгейі көтеріліп, жолдар мен жағалауларға зақым келгенімен, тұрғын үйлерді су басу дерегі тіркелмеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Басқарманың редакцияға берген ресми мәліметінше, Алматы облысының жеті ауданында орналасқан 57 сел қаупі бар учаске 31 елді мекен мен саяжай қоғамына қауіп төндіреді.

Сел қаупі бар аумақтар негізінен өзен арналары мен таулы аймақтарға жақын орналасқан. Облыста сел қаупі кезеңі жыл сайын мамыр-тамыз айларына сәйкес келеді.

Сел қаупі бар учаскелер:

  • Талғар ауданында - 4;
  • Еңбекшіқазақ ауданында - 15;
  • Қарасай ауданында - 19;
  • Жамбыл ауданында - 4;
  • Райымбек ауданында - 7;
  • Кеген ауданында - 8 учаске орналасқан.

Соңғы жылдары Райымбек, Кеген, Ұйғыр және Жамбыл аудандарының таулы бөліктерінде нөсер жауын салдарынан тау беткейлерінен аққан су селге ұласқан. Соның салдарынан республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жиектері мен су өткізу құбырлары шайылған.

Әкімдіктер, Алматы облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен "ҚазАвтоЖол" АҚ Алматы облыстық филиалы арнайы техниканы тартып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген.

Сонымен қатар, өзендердегі су деңгейінің көтерілуі тұрғын үйлер мен басқа да нысандардың су астында қалуына жол бермеген.

Соңғы жауынның салдары

30 маусым мен 3 шілде аралығында ұзаққа созылған жауын-шашын салдарынан Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген, Есік және Талғар, Қарасай ауданындағы Ақсай мен Қаскелең, сондай-ақ Жамбыл ауданындағы Ұзынқарғалы өзендерінде су деңгейі көтерілген.

Түрген шатқалындағы Түрген өзенінде су деңгейінің көтерілуі салдарынан өзен арнасынан асып, облыстық маңызы бар КВ-64 "Түрген - Асы обсерваториясы" автожолының жекелеген бөліктерін су басқан.

Нәтижесінде ұзындығы 175 метр болатын асфальт-бетон жабындысының жартысынан астамы шайылып кеткен. Сондай-ақ қатты ағыс өзендегі көпірлердің кіреберісі мен шығаберісін және 25,2 шақырымдағы су өткізу құрылысын зақымдаған.

Қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі мен облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бірлесіп қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ал Есік және Талғар өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарына қауіп төндірмеген. Қазір өзен арналарына тексеру жүргізіліп жатыр.

Ақсай өзенінде бес үйге қауіп төнді

Қарасай ауданындағы Ақсай өзенінде су деңгейінің көтерілуі салдарынан Райымбек және Жаңатұрмыс ауылдық округтерін ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбырының шайылып кету қаупі туған. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде су құбыры бүлінбеген.

Сонымен қатар, өзен арнасынан асып, оң жағалауды бұзып өтіп, су "Ақсай" карьерінің аумағына жайылған. Сол жағалаудың опырылуы салдарынан жағалауға жақын орналасқан бес тұрғын үйге қауіп төнген.

Қарасай ауданының әкімдігі қауіпті аумақтағы тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті шараларды қабылдап, жағалауды қалпына келтіру, суды өз арнасына бұру және жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ал Қаскелең өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан "Искра" саяжай қоғамы маңындағы уақытша көпірдің жағалауы шайылып, бүлінген. Қазір мұнда да қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.

Жамбыл ауданындағы Ұзынқарғалы өзенінде де су деңгейі көтерілгенімен, тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарына қауіп төнбеген.

Селдің алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылды?

Басқарманың мәліметінше, 2026 жылы су тасқыны мен селдің алдын алу мақсатында бірқатар инженерлік жұмыстар жүргізілген.

Атап айтқанда:

  • Ұйғыр ауданының Ақтам ауылында 700 метр бетон арық салынды;
  • Тиірмен ауылында 800 метр бетон арық желісі тартылды;
  • Шарын ауылында ұзындығы 4,5 шақырым су бұру каналы салынды;
  • Үлкен Ақсу ауылындағы "Пашалық" каналының 1,5 шақырымы тазартылды;
  • Еңбекшіқазақ ауданында Түрген өзенінің 1,5 шақырымы, Есік өзенінің 860 метрі, Бүгіл өзенінің 350 метрі кеңейтіліп, тазартылды;
  • Қаскелең қаласында Қаскелең өзенінің 100 метр жағалауы бекітіліп, 300 метр арнасы тазартылған.

Сонымен қатар, басқарма мәліметінше, Есік қаласындағы Есік өзені жағалауын бекіту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Селден қорғауға жүздеген миллион теңге бөлінген

Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылғы сел қаупі кезеңіне дайындық, мұздық көлдерді босату және селден қорғау құрылыстарын жөндеу үшін Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментіне облыстық бюджеттен 168,867 млн теңге бөлінген.

Қаражат Түрген өзені бассейніндегі мұздық көлдердің эвакуациялық арналары, Есік өзеніндегі гидротехникалық құрылыстар, Талғар селден қорғау бөгеті, Көлсай көліндегі су қабылдағыш пен көпір, сондай-ақ Қайназар өзеніндегі бөгетті жөндеуге бағытталған. Жоспарланған жұмыстар толық көлемде аяқталған.

Сел қаупі тұрақты бақылауда

Гидрометеорологиялық жағдайды және мұздық көлдер мен сел қаупі бар өзендерді бақылау үшін "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің Іле-Алатауы аумақтық техникалық пайдалану басқармасы тұрақты және маусымдық бақылау бекеттерін пайдаланып келеді.

2026 жылғы 12 маусымда "Қазселденқорғау" мамандары мен Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті Іле Алатауындағы мұздық көлдерге әуеден мониторинг жүргізген.

Бұдан бөлек, 2026 жылы су тасқыны, сел, қар көшкіні мен жер көшкіні қаупі бар аумақтарды әуеден бақылауға және табиғи өрттерді сөндіруге облыстық бюджеттен 97 млн теңге бөлінген.

Облыста халықты жедел хабардар ету үшін 352 хабарлау құрылғысы жұмыс істейді. Оның ішінде 245 сиреналық-сөйлеу құрылғысы және 107 электрмеханикалық сирена бар.

Төтенше жағдайлар кезінде халыққа ескерту сиреналар, Mass Alert push-хабарламалары, SMS, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және Darmen мобильді қосымшасы арқылы жеткізіледі.

Қазіргі жағдай

Басқарманың мәліметінше, сел қаупі кезеңі аяқталғаннан кейін барлық өзенге комиссиялық тексеру жүргізіліп, келесі маусымға дайындық бойынша кешенді жұмыстар атқарылады.

Қазіргі уақытта Алматы облысындағы сел жағдайы тұрақты бақылауда дейді ресми органдар.

Еске салайық, 1 шілдеде Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасын бойлай орналасқан үйлердің тұрғындары алдын ала эвакуацияланып жатқаны хабарланған болатын. 

Артынша Алматы қаласының тұрғыны Елизавета Ларченко BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында сел қаупіне байланысты өз ауданындағы қазіргі ахуал туралы айтып берді.

Сонымен қатар, нөсер жаңбырдың салдары Алматы облысына да тиді. Редакцияға Алматы облысына қарасты Іргелі және Көксай ауылындағы жағдайдың видеолары келіп түсті. 

Наверх