Алматыда «Жастардың бюджетке қатысуы» атты жаңа жобаға өтінімдер қабылдау басталады. Қазақстанда алғаш рет қаланың жас тұрғындары Алматыны дамыту бойынша өз идеяларын ұсынып, оларды жүзеге асыру үшін мемлекеттен қаржылай көмек ала алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, жобаға қалада тұратын, жасы 18 бен 35 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Өтінімді жеке тұлға ретінде де, бастамашыл топ, жастар ұйымы немесе қоғамдық бірлестік құрамында да ұсынуға болады.
Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбектің айтуынша, жаңа жоба жастардың қаланы дамытуға қатысуының қосымша тетігіне айналады.
«Жастардың бюджетке қатысуы» мемлекет пен жастар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетігі болады. Бұл жоба әрбір белсенді алматылыққа өз идеясын нақты қалалық жобаға айналдыруға мүмкіндік береді. Қоғамдық кеңістіктерді абаттандырудан бастап экологиялық бастамаларға, цифрлық сервистерге, білім беру бағдарламалары мен мәдени іс-шараларға дейін – енді дәл жастар Алматыны заманауи, жайлы әрі тартымды қала етуге бағытталған өз ұсыныстарын жүзеге асыра алады», – деп атап өтті Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Қандай жобаларды ұсынуға болады?
Конкурсқа қалалық ортаны абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту, экология, мәдениет, спорт, білім беру, цифрлық технологиялар, жастар кәсіпкерлігі, туризм, медиа, инклюзия, психология, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша бастамалар қабылданады.
Өтінімді электронды форматта jasalmaty.kz порталы арқылы беруге болады. Ол үшін тіркеліп, өтінім нысанын толтыру және жоба сипаттамасын, шығындар сметасын, күнтізбелік жоспарды, презентацияны және өзге де қажетті құжаттарды жүктеу қажет.
Жеңімпаздар қалай анықталады?
Іріктеу бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Алдымен өтінімдердің талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Содан кейін оларды Жастар саясаты басқармасының өкілдері, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері мен сарапшылар кіретін конкурстық комиссия қарайды.
Одан кейін жобалар ашық онлайн дауыс беруге шығарылады. Қазақстан тұрғындары өздеріне ұнаған бастамаларды ЭЦҚ немесе SMS-растау арқылы қолдай алады. Әрбір пайдаланушы үш жобадан көп емес қатысушыға дауыс бере алады.
Бір жобаны қаржыландыру көлемі 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейінгі қаржыны құрайды. Бағдарламаның жалпы бюджеті – 90 млн теңге. Жоба аясында 12-ден 60-қа дейін бастаманы қолдау жоспарланып отыр, ал оларды іске асыру мерзімі бір айдан үш айға дейінгі уақытты қамтиды.