Алматы облысының Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында ер адам әйелге көшеде тап беріп арқанмен буындырып өлтірмек болды. Оқиға 6 маусым күні болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгісіз ер адамның әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрларда оның әйелді арқанмен буындырып өлтіруге әрекет жасағаны көрінеді. Алайда әйел қарсылық көрсетіп, босап шығып, қашып құтылған.
Оқиға кезінде әйелдің көмек сұрап айқайлаған дауысын куәгерлер естіген. Бірақ күдікті оқиға орнынан бой тасалап үлгерген.
Зардап шеккен әйелдің туыстарының айтуынша, қолда бейнежазбалар болғанына қарамастан, полиция әлі күнге дейін шабуыл жасаған адамды таппаған.
Осы жағдайға қатысты полиция департаментінен пікір білдіруін сұрадық. Департамент өкілдері қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Әйелге шабуыл жасау фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын және құқыққа қарсы әрекетке қатысы бар тұлғаны анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу шараларының кешені жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады полиция.
Ведомство мәліметінше, жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі бойынша құқықтық баға беріліп, тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Қазіргі уақытта күдіктіге іздеу жарияланған. Тергеу жалғасып жатыр.
Тағы оқи отырыңыз: "Мұрнынан қан кетіп, бауыры езілген": Ақмола облысында үш жасар баланы ат үстіндегі адам таптап кеткен
Жаңақорғандағы 20 жастағы жігіттің өлімі: Күдікті туған інісі
Арыста бір отбасы мүшелерін қағып кеткен жүргізуші қамауға алынды