Ақмола облысы Талапкер ауылында қайғылы оқиға болды. Бірнеше адам шағын ауылдың көшесімен жылқымен жүріп өтіп, "жарыс" ұйымдастырған. Салдарынан үш жасар бала аттың астында қалып, ауыр жарақат алды. BAQ.KZ тілшісі баланың анасы Салтанат Ибраевамен сөйлесіп, жағдайдың мән-жайын білді.
Оқиға Талапкер ауылындағы Әл-Фараби көшесінде болған.
Күндізгі үш шамасында үш жігіт біздің көшемізде жарысып өткен. Мен ол кезде оларды көрмедім. Оларды абысыным байқап қалған. Маған "біреулер көшеде атпен жарысып жүр" деді. Кешке әлгі жігіттер тағы жарысқан. Шамамен 18.20-да менің баламды аттың үстіндегі бір жігіт басып кеткен. Салдарынан баламның бауыры езілген. Қолымда одан бөлек бір жарым жасар балам бар еді. Соны алып аттың астында қалған балама жүгіріп барып, көтерейін деп едім, көтере алмадым. Қасымызға абысыным келіп, баланы көтеріп еді, мұрнынан қан ағып кетті, - дейді баланың анасы.
Артынша олар баланы көтеріп, үйдің ауласына алып келген.
Бірден жедел жәрдемге хабарластық. Ешкім алмады. Аулада көлікпен өтіп бара жатқан кісілерді абысыным тоқтатып, ауруханаға алып барды. Емханаға барған кезімізде екі жедел жәрдем көлігі тұр екен. Олар балама бірден система салды. Артынша олар көлікке отырғызып, алдынан полицейлер де шығып, көмектесті. Дәрігерлер 40 минут кешіккенде бала өліп кетуі мүмкін еді деді. Баламды ауруханада жансақтау бөліміне жатқызып, артынша операцияға бірден жатқызды.
Салтанат Ибраеваның сөзінше, баласына екі сағатқа жуық ота жасалған.
Баламның бауыры езіліп кеткен. Дәрігерлер бауырын тікті. Келесі күні баламның қолы сынғанын хабарлады. Наркозбен ұйықтатып, тағы ота жасаймыз деді. Екінші наркоздан кейін баламның жағдайы қиын болып тұр. Көзін ашпады, атын атаса ешқандай әрекет етпеген балам. Оянады, бірақ қайтадан ұйықтап қалады, - дейді баланың анасы.
Салтанат Ибраева баласы қатты шок алып қалғанын айтады.
Кеше дәрігерлер асқазан асты жарылып кеткенін хабарлады. Бірақ оны қарауға бір аптадай уақыт қажет екен. Баламның бауыры емделген соң нақтылап айтады. Одан бөлек басындағы қылтамырлары жарылған. Бала өте қатты шок алған. Себебі үлкен тұлпар үш жасар баланы аунатып, жұлқып жіберген, - дейді Салтанат.
Баланың анасы жігіттер жарысты арнайы ұйымдастырғанын, аяқ астынан болған нәрсе емес екенін айтады.
Көшеден бір емес, екі рет өткен. Көшеде балалар жүретінін біледі. Неге айдалаға барып шаппайды?, - деп қынжылды Салтанат.
Оның сөзінше, бұл іс бойынша ешкім ұсталмаған.
Ат жарысын ұйымдастырған бірде-бір адам ұсталмады. Ол жігіттер атты қайдан алғанын білмеймін. Егер анықталса, атты жалға берген адамды да жазалау керек. Жігіттер қайдан келгенін білмеймін, бұрын көрген емеспіз, - дейді баланың анасы.
Полиция не дейді?
Бұл оқиғаға қатысты Ақмола облысының полиция департаментінен пікір білдіруін сұрадық. Полиция мәліметінше, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, осы жылдың 5 маусымында Талапкер ауылында жылқы 2022 жылы туған баланы басып өткен. Бала емдеу мекемесіне жатқызылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады полицейлер.
Тағы оқи отырыңыз: Жаңақорғандағы 20 жастағы жігіттің өлімі: Күдікті туған інісі
Арыста бір отбасы мүшелерін қағып кеткен жүргізуші қамауға алынды