Алматы облысында 55 мың адам ұлттық спорт түрімен шұғылданады

17 Ақпан 2022, 19:49
2068
Бөлісу:
Алматы облысында 55 мың адам ұлттық спорт түрімен шұғылданады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысында ұлттық спорт түрінен 1610 секция  жұмыс істейді. 

Оларда 55 153 адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады, бұл аймақтағы жалпы спортпен шұғылданушы халық санының 8,2%-ын  қамтыйды. Бұл туралы  Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев брифингте айтты.

Жетісу жерінде ұлттық спортты дамыту жолға қойылған. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мұрындық болуымен дәстүрлі түрде «Жетісу бөрісі», «Райымбек батырдың жүлдесіне арналған республикалық турнирі», ұлттық ат спорты түрлерінен «Жеңіс күніне арналған жарыстар», «Жетісу жүйрігі», «Тұңғыш Президент Елбасы кубогы», саят ұлттық спорт түрлерінен  «Сонар» республикалық жарыстары ұйымдастырылып келеді.

2021 жылы дәл осы спорт түрінен аймақта 30 облыстық, 9 республикалық, 1 халықаралық дәрежедегі жарыстар өткізілді. Биылда үрдісті жалғастыру көзделіп отыр.  Айта кетейік,  облыста  ұлттық спортты дамытумен 4 мекеме айналысады.

«Қарасай ауданының Ұлттық ат спорты мектебі» КММ-де «Көкпар», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Қазақ күресі», «Асық ату» мен «Тоғызқұмалақ» ойындарымен 333 баланың айналысуына мүмкіндік беріп отыр. Мұнда 14 тәжірибелі жан тәлім беруде.  Сондай-ақ, Талғар ауданындағы «Облыстық ұлттық және ат спорт түрлері орталығында» 13 жаттықтырушы 120 адамды ұлттық спорт түрінен жаттықтырады,-деді Теңізбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, ұлттық спортпен кәсіби айналысатын спортышыларды қолдау мақсатында облыстық бюджеттен үздік 30 спортшыға 100 000 – 180 000 тг көлемінде ай сайынғы стипендия төленуде.

 

Өзгелердің жаңалығы