Алматы ма, Астана ма: АҚШ-қа рейс қай қаладан ашылуы мүмкін? 

Air Astana 2027 жылы АҚШ-қа рейс ашуға мүдделі.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Кеше 2026, 11:26
Кеше 2026, 11:26
477
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Air Astana 2027 жылы АҚШ-қа әуе рейстерін ашу мүмкіндігін қарастырып отыр. Әуе компаниясы үшін рейсті Алматыдан орындау тиімдірек нұсқа болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Компанияның есебінше, Алматыдан рейс ашуға қажетті қаржылық қолдау шамамен 15 млн долларға тең. Ал Астанадан ұшатын бағыт үшін бұл сома шамамен 24 млн долларға жетуі мүмкін. Бұл туралы Air Astana компаниялар тобының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел мәлім етті.  

Әуе компаниясы басшысының сөзінше, Air Astana 2027 жылы АҚШ-қа рейс ашуға мүдделі. Алайда жобаны іске асыру үшін бірқатар мәселе шешілуі қажет. Оның ішінде АҚШ пен Еуропалық одақтың санкциялық шектеулеріне қатысты түйткілдер бар.

Жанлыел бұл шектеулер ресейлік әуе кеңістігін пайдалану мүмкіндігіне, сондай-ақ рейстерге қызмет көрсету және сүйемелдеу мәселелеріне әсер ететінін атап өтті.

АҚШ-қа рейстерге келсек, біз оларды 2027 жылы іске қосуға мүдделіміз. Алайда бұл бағытта бірнеше сын-қатер бар. Оларды еңсеру үшін Үкіметтің қолдауы қажет. Бұл мәселелер көбіне АҚШ пен Еуропалық одақтың санкцияларына байланысты. Олар ресейлік әуе кеңістігін пайдалануды шектейді, — дейді Ибрахим Жанлыел.

Неге Алматы?

Air Astana басшысы компания Көлік министрлігіне чартерлік бағдарлама бойынша өз ұсынысын жолдағанын айтты. Компания есебінше, Алматыдан рейс ашылған жағдайда чартерлік бағдарламаның құны мен күтілетін кіріс арасындағы айырма шамамен 15 млн доллар болуы мүмкін.

Сонымен қатар Air Astana ірі нарықтарға жақындығы мен транзитті дамыту мүмкіндігін ескере отырып, дәл Алматы бағытын ұсынады.

Біз Көлік министрлігіне чартерлік бағдарлама бойынша ұсынысымызды бердік. Алматыдан рейс орындалған жағдайда чартерлік бағдарламаның құны мен алынуы мүмкін кіріс арасындағы айырма шамамен 15 млн доллар деп бағаланып отыр. Біз бұл нұсқаны ірі нарықтарға жақындығы және транзитті дамыту мүмкіндігі тұрғысынан ұсынамыз, — дейді ол.

Астанадан ұшу қымбатқа түседі

Баламалы нұсқа ретінде рейсті Астанадан ашу да қарастырылуы мүмкін. Алайда әуе компаниясының бағалауынша, бұл жағдайда қажет сома көбірек, шамамен 24 млн доллар болуы ықтимал.

Баламалы түрде Астанадан рейс ашылған жағдайда бағалау шамамен 24 млн долларға жетеді, — деді Air Astana басшысы.

Әуе компаниясы АҚШ-қа рейс ашу үшін Алматыны экономикалық жағынан тиімдірек нұсқа деп санайды. Дегенмен түпкілікті шешім мемлекеттік органдармен келісімге және қосымша мәселелердің шешілуіне байланысты болады.

Еске салайық,  бұған дейін Ресейге салынған санкциялар Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс ашуға кедергі болып отырғаны хабарланды

Қазақстандық авиакомпаниялардың паркіне тағы 6 ұшақ қосылатыны айтылды

Сондай-ақ, Қатон-Қарағай, Зайсан және Кендірліде аэропорт салынып жатқаны хабарланды

Белгілі болғандай, Қазақстанда 4 жаңа халықаралық рейс ашылды.

Наверх