Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстерді іске қосу үшін бірқатар маңызды шарт орындалуы қажет. Бұл туралы Air Astana компаниясының басшысы Ибрахим Жанлыел мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі таңда негізгі кедергінің бірі – нақты әрі қолжетімді әуе бағытының болмауы.
Ибрахим Жанлыел АҚШ бағытына рұқсат алу процесі басқа елдермен салыстырғанда күрделірек екенін жеткізді. Оның сөзінше, Америка Құрама Штаттары бұл тұрғыда ерекше талаптар қояды.
Компания басшысы тікелей рейстер үшін полярлық маршрутты пайдалану мүмкіндігі де маңызды фактор екенін атап өтті. Яғни мәселе тек ұшақтың техникалық мүмкіндігіне тірелмейді, сонымен бірге белгілі бір елдердің әуе кеңістігі арқылы ұшу рұқсатына да байланысты.
Қазір нақты уәде беріп, міндет ала алмаймын. Өйткені бұл толықтай біздің бақылауымыздағы мәселе емес, – деді ол.
Ибрахим Жанлыел бұл жерде санкциялар мәселесі мен Ресей Федерациясының аумағы арқылы ұшу мүмкіндігі шешуші рөл атқаратынын айтты. Егер осы бағыттағы шектеулер сақталса, Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстерді ашу мерзімі тіпті кейінге шегерілуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен АҚШ арасында Нью-Йорк бағыты бойынша тікелей әуе рейсін ашу мәселесіне қатысты АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт та пікір білдірген еді.
Тағы оқи отырыңыздар: ЕЭК Кеңесі шешімі: Қазақстанға жүк ұшақтарын 12 жыл бажсыз әкелуге рұқсат берілді