Астанада қоғамдық көліктердегі бақылау күшейді. Енді автобусқа мінген бойда жолақысын төлемеген жолаушыларға айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елордада өткен кезекті рейд барысында №1 автобус паркінің бақылаушылары мен полиция қызметкерлері жолаушылардың жолақы төлемін тексерді. Тексеру таңғы сағат 09:00-да Абылай хан даңғылындағы “Встреча” аялдамасында басталды.
Рейд кезінде автобусқа кірген бойда жолақысын төлемеген жолаушылар анықталды. Кейбірі төлем жасамағанын мойындаса, енді бірі “QR істемей қалды”, “интернет ұстамай тұр” немесе “төлеуге үлгермедім” деген себептерді айтқан.
Алайда мамандар мұндай сылтаулар жауапкершіліктен босатпайтынын ескертеді.
№1 автобус паркінің бөлім меңгерушісі Қарлығаш Серікбекқызының айтуынша, қазіргі таңда автобусқа мінетін жолаушылардың едәуір бөлігі жолақысын уақытында төлемейді.
Соңғы келіп түскен мәліметтерге сәйкес, автобусқа кірген 100 жолаушының 40-ы жолақысын төлемейді. Қазір біздің №1 автобус паркінде 1700-ден астам жүргізуші бар. Күніне 830-дан астам автобус линияға шығады, - деді бөлім меңгерушісі.
Бүгінде №1 автобус паркінде 205 бақылаушы жұмыс істейді. Олар күн сайын шамамен 100-ге жуық автобусты тексереді.
Ең басты өзгерістің бірі – енді бақылаушылар QR-кодтарды өздігінен бұғаттай алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік болмаған. Ал жаңа ережеге сәйкес, автобус паркінің кез келген бақылаушысы жолаушы жолақысын уақытында төлемесе, QR-кодты бірден бұғаттап, тексеру жүргізе алады.
Учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Нұралы Тәңірбергеновтің сөзінше, жолақысын төлеуден жалтарғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 622-бабы бойынша шара қолданылады.
Жолақысын төлеуден жалтарған жолаушыларға 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Алматы ауданы бойынша күніне 2-3 факті тіркеліп отырады, - деді полиция майоры.
Қазір елордада автобус жолақысы 110 теңге тұрады. Соған қарамастан, төлем жасаудан жалтаратындар аз емес.
Бақылаушы болып жұмыс істейтін Бексұлтан Асылбекұлының айтуынша, кейде жолаушылар тексеруден қашуға дейін барады.
Кей жағдайда есікті күштеп ашып, тіпті терезеден қашып кеткендер болды, - дейді ол.
Оның сөзінше, қоғамдық көлікте жүру мәдениетін қалыптастыру үшін мұндай рейдтер қажет.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тексерістер айына 2-3 рет тұрақты түрде өткізіліп тұрады