- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Алматы халықаралық деңгейдегі курортқа айнала ала ма? Сарапшы инфрақұрылымға қойылатын талаптар туралы айтты
Алматы халықаралық деңгейдегі курортқа айнала ала ма? Сарапшы инфрақұрылымға қойылатын талаптар туралы айтты
28 Қыркүйек 2026, 17:11
Соңғы жылдары Алматыны халықаралық туризм орталығына айналдыру туралы бастамалар жиі айтылып жүр. Қала табиғи ландшафты, таулы аймақтары, тау шаңғысы курорттары, ұлттық парктерге жақын орналасуы және дамыған қалалық инфрақұрылымы арқылы Орталық Азиядағы ең тартымды туристік бағыттардың біріне айналып келеді. Алайда халықаралық деңгейдегі курорт мәртебесіне жету үшін табиғи ресурстардың болуы жеткіліксіз.
«Almaty Tau Management» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Александр Руденко BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында Алматы маңындағы тау курорттары халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналуы үшін тек заманауи аспалы жолдар мен сапалы шаңғы трассалары жеткіліксіз екенін атап өтті.
Оның сөзінше, әлемдік деңгейдегі төрт мезгіл жұмыс істейтін тау кластерін қалыптастыру үшін көлік қолжетімділігі, қауіпсіздік, жайлы демалыс, сапалы қызмет көрсету және табиғатты қорғау талаптары қатар орындалуы қажет.
Алматы тау кластерін дамыту жобасы дәл осы қағидаттарға негізделген. Жоба аясында қолданыстағы курорттарды жаңғыртып қана қоймай, Шымбұлақ, Бұтақты шатқалы, Пионер және Ой-Қарағай аумақтарын біртұтас туристік кеңістікке біріктіру көзделіп отыр. Сонымен қатар жасанды қар жүйесін дамытуға, заманауи құтқару қызметтерін күшейтуге, инженерлік желілерді жаңартуға, цифрлық сервистерді енгізуге және жыл бойы турист қабылдайтын мүмкіндіктерді арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Басты мақсат – демалушылардың қауіпсіздігі мен қызмет көрсету сапасы бойынша халықаралық талаптарға сай келетін бәсекеге қабілетті тау бағытын қалыптастыру, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, Алматының басты артықшылықтарының бірі – таудың мегаполис пен халықаралық әуежайға жақын орналасуы. Дегенмен кейбір тау аймақтарына қатынау мәселесі әлі де жетілдіруді қажет етеді, әсіресе турист көп келетін кезеңдерде.
Шетелдік турист үшін жолдың ыңғайлы әрі түсінікті болуы маңызды. Әуежайдан немесе қала орталығынан курортқа жеке көліксіз-ақ жетуге мүмкіндік болуы керек. Ол үшін тұрақты қоғамдық көлік, шаттл бағыттары, қолайлы аялдамалар мен тұрақтар, сондай-ақ түсінікті бағыттар қажет.
Сондықтан Алматы тау кластерін дамыту жобасы тек курорттарды жаңартумен шектелмейді. Сонымен қатар бірыңғай көлік жүйесін құру қарастырылған. Жоба бойынша қоғамдық көлікке басымдық беріледі, автобус және электробус бағыттары күшейтіледі, арнайы автотұрақтар мен электрлі шаттлдар іске қосылады. Бұл шараларды толық жүзеге асыру 2028 жылдың соңына дейін жоспарланған. Алдағы уақытта Шымбұлақ, Бұтақты шатқалы, Пионер және Ой-Қарағай біртұтас тау кеңістігі ретінде жұмыс істеуі тиіс. Бұл туристерге қаладан тауға дейін оңай жетуге, аймақтар арасында еркін қатынауға және кластер инфрақұрылымын жеке көлікке тәуелді болмай пайдалануға мүмкіндік береді. Осындай көлік байланысы, сапалы сервис пен қауіпсіздік Алматының халықаралық тау туризмі нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлардың бірі, – деді Александр Руденко.
Оның пікірінше, халықаралық деңгейдегі курорттар үшін аспалы жолдардың қауіпсіздігі, шаңғы трассаларының сапасы, қар көшкінінен қорғану жүйесі, ауа райын үздіксіз бақылау, құтқару және медициналық қызметтердің дайындығы, түсінікті бағыттаушы белгілер, кәсіби мамандар мен жоғары деңгейдегі сервис міндетті талап саналады.
Алматыда, әсіресе Шымбұлақта, халықаралық талаптарға сай жұмыс істеудің тәжірибесі мен қажетті базасы қалыптасқан. Ендігі міндет – осы қауіпсіздік пен қызмет көрсету деңгейін тау кластеріне кіретін барлық бес аймақта қамтамасыз ету. Жоба аясында қар көшкіні мен сел қаупіне қарсы инфрақұрылым дамытылады, табиғи жағдайларға тәулік бойы мониторинг жүргізіледі, құтқару бекеттері мен медициналық пункттер ашылады, арнайы техникамен жабдықтау жұмыстары күшейтіледі. Сонымен бірге кадр даярлау мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Almaty Tau Academy аясында халықаралық стандарттарға сәйкес мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жоспарланған. Біздің мақсатымыз – бірыңғай сапа стандартын қалыптастыру. Сонда турист Алматы тау кластерінің қай аймағына барса да, қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейін сезіне алады», – деді сарапшы.
Александр Руденко Алматының тағы бір маңызды артықшылығы – қала мен таудың қатар дамыған инфрақұрылымының үйлесімі екенін атап өтті.
Алматы – елдегі ең ірі мегаполис. Мұнда халықаралық әуежай, қонақүйлер, мейрамханалар, мәдени және іскерлік нысандар тау аймақтарына өте жақын орналасқан. Соның арқасында турист бір сапар барысында шаңғы демалысын, қала аралауын, гастрономиялық туризмді, мәдени іс-шараларды және іскерлік кездесулерді қатар жоспарлай алады. Алматы тау кластерін дамыту жобасы бес тау аймағын бір туристік кеңістікке біріктіру арқылы осы артықшылықты одан әрі күшейтеді. Сонымен бірге жыл бойы жұмыс істейтін демалыс түрлерін дамытуға жол ашады, – деді Александр Руденко.
Алайда мегаполиске жақындықтың өз тәуекелдері де бар. Ең басты мәселелер – көлік ағынының көбеюі, адам әсерінің табиғатқа түсетін салмағы, биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстарын қорғау, сондай-ақ сел мен қар көшкіні қауіпсіздігі.
Сондықтан біздің мақсат тек туристер санын арттыру емес. Келушілер ағынын тау аймақтары арасында тиімді бөлу, қоғамдық көлікті дамыту, заманауи инженерлік инфрақұрылым қалыптастыру және табиғатты қорғау шараларын қатар жүргізу маңызды. Даму мен табиғатты сақтаудың тепе-теңдігі ғана Алматыны халықаралық деңгейдегі тау туризмі орталығы ретінде бәсекеге қабілетті ете алады, – деп түйіндеді Александр Руденко.
Ең оқылған:
- «Қаза болды» деген ақпарат тарады: Қорғаныс министрлігі екі матросқа қатысты мәлімдеме жасады
- Жаңа Қорғаныс министрі тағайындалды
- Аяз, жаңбыр, найзағай: Синоптиктер ескерту жариялады
- Каспийдегі оқу-жаттығуда қаза тапқан әскери қызметшілерге мемлекеттік наградалар берілді
- Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды
Сымбат Сатыбалдина