Алғыс айту күнінің жыл өткен сайын маңызы артып келеді

1 Наурыз 2023, 10:12
2176
Бөлісу:
Алғыс айту күнінің жыл өткен сайын маңызы артып келеді

Көктемнің алғашқы күнінде Қазақстанда Алғыс айту күні тойланады. Жыл өткен сайын бұл мереке азаматтарымыз үшін көбірек мағынаға ие болып, маңыздылығы артып келеді. Бұл туралы Қазақстанның Мысырдағы елшілігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2021 жылғы 1 наурыздағы құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерекенің айрықша мәні мен терең болмысын атап өтіп, «оның құндылықтары өзара көмек пен халқымыздың мызғымас бірлігінің берік дәстүрлерін бейнелейді», - деді.

Алғыс айту күнін тойлай отырып, Қазақстан өзін қонақжай мемлекет ретінде танытады. Алғыс айту күнінің мақсаттарының бірі – достыққа, толеранттылыққа, Жер шарындағы барлық адамдарға құрметпен қарауға тәрбиелеу. Бұл мерекеде қазақстандықтар аға буынға, туған-туыстарына, жақындарына, достарына, әріптестеріне және көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатқан барша адамдарға алғыстарын білдіреді.

«Біздің заманның қаһармандары» жобасы аясында еріктілер індетпен күресуге, адам өмірін сақтап қалуға, адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қамқорлық жасап, жақсылық пен қоғамға қызмет ету жолында күн сайын ерлік жасап жүрген барлық замандастарымыз бен жерлестерімізге де ерекше алғыс білдіреді, - деп жазды елшілік.

Алғыс айту күнінің жыл өткен сайын маңызы артып келеді

Дүниежүзілік Еріктілерге алғыс айту күні де (World Gratitude Day) атап өтіледі. Алғыс айту күні АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Корея, Нидерланды, Швейцария, Үндістан және әлемнің басқа да елдерінде тойланады. Бұл күні адамзат риясыз игі істер жасайтын мейірімді жандарға ризашылығын білдіреді.

Осы бірліктің жарқын мерекесіне құрмет көрсете отырып, Қазақстан Республикасының Мысырдағы Елшілігі еріктілермен – Мысыр және Қазақстанның студент жастарымен бірлесе отырып, Жастар және спорт министрі доктор Ашраф Собхи (Dr.Ashraf Sobhy) мен Туризм және көне жәдігерлер министрі Ахмед Исаның (Dr.Ahmed Issa) тікелей қолдауымен Каир маңындағы «7 қыз» кешенінің аумағындағы тарихи орындарды қоқыстан тазарту бойынша қайырымдылық шарасын өткізді. Бұл іс-шараны өткізуге ірі тазалау компаниясы «Bio Energy Egypt» (Mr.Mahmoud Galal), Hermes қаржылық холдингі (Mr.Karim Awad), «Arab Contractors» халықаралық құрылыс компаниясы (Mr.Sayed Farouk), «Edita» азық-түлік компаниясы (Mr. Hani Berzi), «EIPICO» фармацевтикалық компаниясы (Dr.Ahmed Kelani) сияқты Елшіліктің мысырлық серіктестері өз үлестерін қосты.

Бұл қайырымдылық шарасының Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынастың өзіндік символына айналған Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойын тойлау қарсаңында өтіп жатқанын ерекше атап өткен жөн, - деп жазылды ақпаратта.

Мысыр мен Сирияның XIII ғасырдағы көрнекті билеушісі, қазақ даласының ұлы Сұлтан Бейбарыстың тарихи мұрасы тақырыбы екі елдің мәдениет саласындағы қарым-қатынасында ерекше орын алады. 

Екі елдің үкіметі де Бейбарыс мешіті кешенінің аумағындағы қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауға көп күш жұмсады. 2007 жылы 20 қазанда қол қойылған Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру бойынша ынтымақтастық туралы келісім аясында Қазақстан тарапы Мысыр тарапына 4,5 млн АҚШ долларын бөлді.

«Әмір Қорқамыш» кешені аумағында өткізілген қайырымдылық шарасы барысындағы құттықтау сөзінде Мысырдың көне жәдігерлері Жоғарғы Кеңесінің Бас хатшысы доктор Мұстафа Уазири мұндай шаралардың Мысыр және Қазақстан қоғамының ортақ игілігі үшін маңыздылығын атап өтіп, Қасиетті Рамазан айы мен Ораза айтынан кейін, яғни сәуір айының соңында Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешіті салтанатты түрде ашылатынын хабарлады.

Қазақстан Елшісі Қайрат Лама Шариф өз кезегінде Сұлтан Бейбарыс мешітінің ашылуы бауырлас екі халықтың мәдени өміріндегі ерекше оқиға болатынын, оның салтанатты ашылу рәсімі осы жылдың сәуір айында Ораза айт мерекесінен кейін Қазақстаннан келетін арнайы делегацияның қатысуымен өтетіндігін атап өтті. Сондай-ақ, Бейбарыстың мерейтойын тойлау жылында екі ел аумағында Мәдениет күндері, мәмлүктердің Мысырдағы билік ету дәуірі тақырыбында сурет көрмелері, ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер сияқты ірі бірлескен іс-шаралар жоспарланып отырғанын айтты.

Осы айтулы күні мысырлық көрнекті мәмлүктанушы-тарихшылар, зиялы қауым өкілдері мен жастар да өз тілектерін білдірді. 250-ден астам қатысушының, оның ішінде екі елден 200 еріктінің басын қосқан іс-шара қос елдің тарих беттеріне бірлік, бауырластық және өзара құрмет рухында енді. Көктемнің алғашқы шуағымен бірге келген Алғыс айту күні  мерекесі құтты болсын! Бір-бірімізге алғыс айтып жүрейік!, - деп жазды Қазақстанның Мысырдағы Елшілігі.

Өзгелердің жаңалығы