Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Иран мен Израиль бір-бірін зымырандармен атқылады

17 Маусым 2025, 10:15
827
Бөлісу:

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.

Иран мен Израиль қақтығысы

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль арасындағы шиеленіске байланысты елдің Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің (ҰҚК) отырысын жедел өткізуге бұйрық берді. Бұл туралы Fox News арнасының журналисі Лоуренс Джонс жариялады.

Журналистің мәліметінше, Трамп G7 саммиті аясында мемлекет басшыларымен кешкі ас ішкеннен кейін бірден Вашингтонға оралмақ. Ол елге жетісімен ҰҚК отырысын өткізу үшін жедел орталықты дайындауды сұраған.

Трамп Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа қатысты өз ұстанымын өзгерткен жоқ. Оның пікірінше, Америка өзге мемлекеттердің әрекеттеріне жауап бере алмайды, бірақ ол әлемдік қауымдастыққа өзінің есеп айырысу жолдарын ұсынуға дайын.

Бұған дейін, 16 маусымда Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт Трамптың Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты "Үлкен жетілік" саммитінен ерте кететіні туралы мәлімдеген болатын. Сол күні Трамп Тегерандағы шетелдік азаматтарды елден дереу кетуге шақырды.

Зымыран соққыларының жаңа толқыны

Иран Израиль аумағына зымырандық шабуылдардың жаңа толқынын бастады. Бұл туралы 16 маусымда Иранның Tasnim ақпарат агенттігі жариялады.

Иранның басып алынған аумақтарға зымырандық шабуылдарының жаңа толқыны басталды, - делінген агенттіктің Telegram-арнасында.

Сол күні Tasnim Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Бушер қаласындағы атом электр станциясы маңында Израиль ұшақтарының шабуылына тойтарыс бергенін мәлімдеді.

Айта кетейік, 13 маусымда Израиль Иранға соққы жасап, елде төтенше жағдай жариялады. Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху әскери операцияның басты мақсаты – Иранның ядролық инфрақұрылымын жою екенін мәлімдеді.

Бұған жауап ретінде Иран зымырандық шабуылдардың бірнеше толқынын іске қосты.

Дональд Трамп және G7 саммиті

АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы қазіргі шиеленісті жағдайға байланысты G7 ("Үлкен жетілік") елдерінің бірлескен мәлімдемесінің жобасына қол қоюдан бас тартты.

Мәлімдеме жобасында Израильдің өзін-өзі қорғау құқығы және энергия нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылған. Алайда Ақ үй бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме бермеді.

Құжат жобасында нарықтардың, соның ішінде энергия тасымалдаушылардың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігі және Израильдің өзін-өзі қорғау құқығы туралы айтылған, - делінген Reuters материалында.

Бұл арада Парсы шығанағы елдері Таяу Шығыс қақтығысының бақылаудан шығып, кең ауқымды соғысқа ұласу қаупіне алаңдаушылық білдіруде. Бұған дейін Иран Катар, Сауд Арабиясы және Оманға жүгініп, АҚШ президентіне қысым көрсету арқылы Израильге ықпал етуді сұраған болатын. Сонымен қатар Тегеран атысты дереу тоқтатуға келісім беру үшін ядролық бағдарлама жөніндегі келіссөздерде жеңілдіктер талап етті.

Reuters мәліметінше, соңғы күндері Парсы шығанағы елдерінің көшбасшылары мен жоғары дәрежелі дипломаттары өзара және АҚШ, Иран мен өзге де елдердің өкілдерімен белсенді түрде телефон арқылы сөйлесіп, қазіргі жағдайдың ушығуын болдырмауға тырысуда.

Израиль Ливанға да шабуыл жасады

Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Иранға бағытталған шабуылдардың жаңа толқыны аясында Ливан аумағына да соққы бергенін хабарлады. Бұл туралы мәлімет ведомствоның ресми Telegram-арнасында жарияланды.

Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, шабуыл Ливанның оңтүстігіндегі Хоул қаласы маңында жүзеге асырылған. Олар «Хезболла» ұйымының мүшесін нысанаға алған. ЦАХАЛ деректеріне сәйкес, операция сәтті аяқталған. Дегенмен, ұйым өкілінің аты-жөні, лауазымы мен операцияның басқа да егжей-тегжейлері әзірге жария етілген жоқ.

Бұған дейін Израильдің Иран аумағына жасаған соққылары салдарынан кем дегенде 1 800 адам зардап шеккені хабарланған. Олардың көпшілігі – бейбіт тұрғындар. Сонымен қатар, 16 маусым күні Израиль күштері Иранның мемлекеттік телерадиокорпорациясының штаб-пәтеріне соққы берген. Бұл шабуыл тікелей эфир кезінде жүзеге асқан.

Аталған оқиғаларға байланысты Ресейдің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Израильдің әрекетін айыптады. Министрлік "Израиль өзін жазасыз сезініп отыр" деп атап өтті.

Қырымға қатысты санкциялар

Еуропалық Одақ (ЕО) Қырымға қатысты санкцияларды 2026 жылдың 23 маусымына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ЕО Кеңесінің ресми сайтында жарияланды.

Аталған санкциялар алғаш рет 2014 жылы Ресей Қырымда референдум өткізіп, түбекті аннексиялағаннан кейін енгізілген. Олар Қырым мен Севастопольде өндірілген тауарларды ЕО аумағына импорттауға, сондай-ақ бұл аймақтармен байланысты кез келген инфрақұрылымдық, қаржылық инвестицияларға және туристік қызмет көрсетуге тыйым салады.

Сонымен қатар, Еуропалық Одақ Қырым компанияларына белгілі бір тауарлар мен технологиялардың экспортын шектейді. Бұл шектеулер көлік, телекоммуникация және энергетика салаларын, сондай-ақ мұнай, газ және басқа да пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруді қамтиды.

Өзгелердің жаңалығы