Қазақстандық теннисші Александр Бублик (ATP рейтингінде – 45-орын) Германияның Галле қаласында өтіп жатқан ATP 500 турнирінің 1/8 финалында әлемнің бірінші ракеткасы – италиялық Янник Синнерді сенсациялық түрде жеңіп, жарыстың ширек финалына жолдама алды. Бұл туралы BAQ.KZ Sports.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу үш сетке созылып, Бубликтің пайдасына аяқталды (3:6, 6:3, 6:4).
Бұл – Бубликтің Синнерді мансап жолында екінші рет жеңуі. Бірінші жеңіс те 2023 жылы осы Галле турнирінде тіркелген болатын. Сол кезде Синнер матчты 5:7, 0:2 есебімен аяқтап, кездесуді ерте тоқтатуға мәжбүр болған еді.
Айта кетейік, биылғы маусымда теннисшілер жақында ғана "Ролан Гаррос" турнирінде тағы кездескен болатын. Ол жолы Синнер Бубликті үш сетте жеңген еді – 6:1, 7:5, 6:0. Сондықтан бұл жолғы жеңіс – Бублик үшін үлкен реванш және үлкен теннисте өзін дәлелдеу жолындағы маңызды қадам.