Алаш арыстарының құрметіне ағаш егіледі – Мағзұм Мырзағалиев

12 Қараша 2020, 16:15
1775
Бөлісу:
Алаш арыстарының құрметіне ағаш егіледі – Мағзұм Мырзағалиев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда Алаш қайраткерлерінің құрметіне арнап ағаш егіледі. Бұл істі дәстүрге айналдыру жоспары туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында айтты.

Биыл, өкінішке қарай, пандемия болған соң науқандық іс-шараларды жасай алмадық. Дегенмен, бәрі де болашақтың еншісінде деп ойлаймыз. Жыр алыбы Жамбылдың, Ахмет Байтұрсынұлының және Алаш арыстарының, елге белгілі тарихи тұл­ғалардың құрметіне арнап ағаш егу дәстүрін орнықтырсақ деп отырмыз,- деді ол сұхбат барысында.

Министрдің сөзінше, бүгінде республика аумағының 11,0%-ын алып жатқан орман қорының ауданы 30058,1 гектар. Ондағы ағаш өскен жерлер қазірше 13121,8 гектарды құрайды.

Еліміздегі орманды алқап республика аумағының 4,8%-ын құрайды. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Оны ұлғайту керек. Ел Президенті өз Жолдауын­да ел аумағында 2 млрд ағаш егу керек екенін айтты. Бұл өте асқақ, дегенмен қазір әлемдік трендке айналған жоба. Екінші мәселе, шетелдерден ағаш көшеттерін әкеліп, оларды арнайы мамандар назарға ала отырып, біздің аумаққа жерсіндіріп, табиғатқа бейімдеуіміз керек. Өткен жылы мемлекеттік орман қорының ауданы 1360 гектарға артты, - деп айтты Мағзұм Мырзағалиев.

Сұхбатында министр экологиялық білім мен мәдениет, экотуризм, қалалардың экологиялық ахуалын жақсарту мәселелеріне де тоқталды. 

Экобелсенділердің, жалпы жұртшылықтың пікірін ескеру өте маңызды. Сол үшін бүгінге дейін экологиялық проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылау үшін қалалардың, атап айтқанда Теміртау, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Қарағанды, БҚО, ШҚО, Павлодар, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда, Сол­түс­тік Қазақстан облыстарының қоғам өкіл­де­рімен 14 онлайн кездесу өткіздік. Оған әкім­діктердің, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері шақырылып, ашық талқылаулар болды. Талқылап қоя салмай, кездесу қорытындысы бойынша, қалалардың, облыстардың экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол карталары әзірленді, кейбірінде әзірленіп жатыр, - деді министр.

«Ана тілі» тілшісінің тіл мәселесіне қатысты сұрағына жауап берген Мағзұм Мырзағалиев министрліктің барлық іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізілетінін де атап өтті.

Бес перзентім бар, бәрі де қазақ мектептеріне барады. Ресми іс-қағаздарын ең алдымен қазақша жазамыз. Жиналыстардың түгелге жуығы қазақ тілінде өтеді. Өзім Алматыда туып-өскеніммен, ата-анам ауылда тұрады. Ауылдан тамырымыз үзілмеген. Сондықтан болар, мен де, әсіресе, балаларым да қазақ тілінде еркін пікір алмасамыз, - деп айтты ол. 

Министр жануарларды қорғау бағытындағы жұмыстарға тоқталып, еліміздің «Қызыл кітабына» итбалықтың енгізілгенін жеткізді. Браконьерлікке қарсы күрес нәтижелерімен бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы