Алакөлдегі 14 демалыс орны жұмыс істеуге рұқсат алды

12 Маусым 2020, 18:20
3084
Бөлісу:
Алакөлдегі 14 демалыс орны жұмыс істеуге рұқсат алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 5 маусымнан бастап арнайы үш мониторингтік топ Алакөлдің шығыс жағалауында орналасқан туристік нысандардың коронавирус жағдайындағы жазғы маусымға дайындығын тексеруде.

Демалыс орындарының басшылары ШҚО әкімі Даниал Ахметовті қолдап, мониторингтік топпен бірге санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын тексеруге кірісті.

Облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесу өтті. Кездесу барысында аймақ басшысы бізге демалыс орындарын толтырудың жаңа жолын айтты. Сондай-ақ,  мониторингтік топпен бірге жұмыс істеуді ұсынды. Енді біз топ мүшелерімен бірге демалыс орындарының қонақтарды қарсы алуға қаншалықты дайын екенін тексеріп жатырмыз. Өйткені демалушылар мен қызметкерлердің денсаулығы біз үшін бірінші орында, - деді "Інжу" және "Алакөл Арасан" демалыс орындарының иесі Анар Батымова.

Рейдтің қорытындысы бойынша, 60 демалыс орны ішінара дайын екені анықталды. Қазір осы 60 демалыс орнында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау жұмыстары жүргізілуде. 14 демалыс орнына дайын деген акті берілді. Аталмыш демалыс орындарында келушілердің 50 пайызы (712 адам) орналаса алады. 101 демалыс орны дайындықты әзірше бастаған жоқ. Себебі бұл демалыс орындарының дені 2-3 жағалауларда орналасқан. Сәйкесінше, олар 20 маусымға таман ашылады.

Біз барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапты орындап, ресми түрде жұмыс істеуге рұқсат алдық. Әрбір шығаберіс есікте санитайзерлер қойылып, әлеуметтік қашықтық сақталған. Қорғаныс құралдары да бар. Бізде 100 пайыз қауіпсіз деп айта аламыз. Қазақстандықтарға өтінішім бар, жедел тесттен өткеніңіз туралы анықтаманы ұмытпай ала келулеріңізді сұраймыз, - деді "Парус" демалыс орнының иесі Жанна Рамазан.

Кәсіпкерлер Алакөл жағалауындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды екенін түсінеді. Олар осы бағыттағы атқарылатын жұмыстарға үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Демалыс орнын ашпастан бұрын арнайы дезинфекциялық құралдар, дезинфекциялық кілемдер, қолға арналған антисептиктер, маскалар мен бас киімдер алынды. Сонымен қатар, демалушылар қауіпсіздік шараларын білсін деп жадынамалар шығардық. Біздің басты міндет – адамдардың денсаулығын сақтау. Біз үшін адамдардың емін-еркін демалуы маңызды. Алакөлге келу үшін COVID-19 тестінен өткені туралы анықтаманы ала келу керек. Бізде мұнда отбасымызбен келу үшін тест тапсырдық, - деді "Рассвет" демалыс орнының әкімшісі Татьяна Калугина.

Өзгелердің жаңалығы