Ақмола облысында мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіледі

13 Сәуір 2021, 15:51
1450
Бөлісу:
Ақмола облысында мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіледі

Ақмола облысы. BAQ.KZ тілшісі. Қоғамдық орындарда санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылайтын мониторингтік топтардың қызметі ашық болу үшін үшін олардың құрамына волонтерлер мен журналистерді көбірек тарту керек. Бұл туралы Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді.

Санитарлық қызмет мониторингтік топтардың құрамына кірмесе де, біз қаланы аралап, заң бұзушылық фактілерді суретке түсіріп топтарға жібереміз. Алайда тұрғындар мен кәсіпкерлерден мониторингтік топтардың ашық жұмыс істемейтіні туралы шағымдар түсуде. Олар нысандардың бәрі бірдей тексерілмейтінін айтады. Сондықтан рейдтерді желіде немесе басқа жолмен тарату үшін мониторингтік топтардың құрамына еріктілер мен журналистерді көбірек тарту керек. Біз мобильді мониторингтік топтарға ҮЕҰ, БАҚ, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдерін шақырамыз. Кез келген адамның тәртіп бұзушыларды бірге анықтауға мүмкіндігі бар. Бір сөзбен айтқанда, олардың қызметі барынша ашық болуы тиіс, – дейді өңірдің бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.

Айталық, Көкшетауда 20 мониторингтік топ құрылды. Олардың құрамына бір ғана қоғам өкілі енгізілді. Осы уақытқа дейін Аршалы, Егіндікөл, Есіл, Қорғалжын аудандарының мониторингтік топтарының құрамына еріктілер мен қоғам өкілдері қосылмаған.

Мониторингтік топтардың құрамы мен мүшелерінің саны жұмыс сапасына әсер етеді. Барлық тамақтану нысандары «толық» жұмыс істейді, түрлі іс-шаралар өткізеді. Ал мониторинг топтар тарапынан заңбұзушылықтар анықталмайды. Жыл басынан бері облыста бұқаралық іс-шара өткізудің 26 фактісі анықталды. Ерейментау, Қорғалжын, Астрахан, Шортанды аудандары мен Біржан сал ауданының топтары мониторинг кезінде бұқаралық іс-шараларды өткізудің бірде-бір фактісін анықтаған жоқ. Бұл таңқаларлық жағдай. Мониторингтік топтардың жұмысын талдай отырып, бұл аудандарда жаппай іс-шаралар мүлдем өткізілмейтін сияқты. Ал аталған аудандарда вирус өршіп тұрғаны белгілі, - дейді Айнагүл Мусина.

Бас санитарлық дәрігер қоғамдық орындарда санитарлық талаптың сақталуы үшін барлық шараларды қабылдауға шақырды.

Мониторингтік топтардың нысандарды қамту барысына талдау жасаған кезде, негізінен қоғамдық тамақтану және сауда нысандары, шағын дүкендер тексеріледі деген қорытындыға келдік. ХҚКО, банктер, вокзалдар, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық көлік тексерілмейді. Тұрғындардың қоғамдық көлік жұмысына қатысты шағымдары көп. Автобустарда бетперде режимі сақталмайтынын да көріп отырмыз, - дейді бас санитарлық дәрігер.
Оның сөзінше, өңірде шектеу шараларын қасақана бұзғандарды заң бойынша жазалау мүмкін емес.
Бізде өткен жылдан бастап 20-ға жуық заң бұзушылар тіркелді, олар бірнеше рет карантинді бұзып, бұқаралық іс-шаралар өткізгендер. Алайда, қайталама бұзушылық фактілері тіркелмегендіктен, заң бойынша жаза қолданылған жоқ, - деп нақтылады Айнагүл Мусина.

Айта кетейік, өңірде 11 сәуірден карантин күшейтілді. Дәмханалар мен мейрамханалар, тамақтану орындары 9:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Сенбі-жексенбі күндері фитнес-орталықтар мен спорт залдары, СПА, сауналар мен бассейндер жабылады. Кітапханалар, мұражайлар, кинотеатрлар мен театрлар тағы да онлайн форматқа көшуде.

Өзгелердің жаңалығы