Ақмола облысында 84 жастағы кейуана өрттен аман қалды

22 Қазан 2020, 23:53
1463
Бөлісу:
Ақмола облысында 84 жастағы кейуана өрттен аман қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының Сандықтау ауданында 84 жастағы кейуана өрттен аман қалды. Қария өртенген үйдің ішінде жалғыз қалып қойған. Өртенген үйдің ішінен тыл ардагерін өрт сөндірушілер аман-есен құтқарып, сыртқа алып шыққан, деп хабарлайды Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Аудан орталығы Балкашино селосындағы Шұбартау көшесіндегі жер үйлердің бірінен өрт шыққаны туралы көршілер хабарлаған.

Үйдің ішінде қалып қойған қарияны өрт сөндірушілер терезені бұзып алып шығыпты.

Оқиға орнына күндізгі 12:28 де келіп жеткенде тұрғын үйдің кіреберіс дәлізі мен шаруашылық құрылыстарын өрт шалғаны анықталды. Үй ішкі жағынан тұтанған. Куәгерлер үйде 84 жасқа келген кейуананың қалып қойғанын хабарлады. Өрт сөндірушілер дереу қарияны құтқаруға кірісті. Құтқару жұмыстарына газ бен түтіннен қорғау қызметінің 3 қызметкері жіберілді. Олар қарияны үйдің терезесін бұзып сыртқа алып шықты. Тілсіз жаумен бір сағат шамасында алысқан өрт сөндірушілер өртті толықтай сөндірді. Абырой болғанда зардап шеккендер болған жоқ, - деді Сандықтау аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Данияр Құдайбергенов.

Ақмола облысында 84 жастағы кейуана өрттен аман қалды

Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті бақылаудан шыққан өрт кісі өліміне дейін қайғылы оқиғаларға әкеліп соғуы мүмкін екенін еске салды.

Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтамаудың салдарынан тұрмыстық өрттен орны толмайтын оқыс жағдайлар болуы мүмкін. Тұрмыстық өрттер түрлі себептермен негізінен отты дұрыс пайдаланбау, жылу маусымы кезінде түтін шығатын құбырлар мен пешті тазаламау, қауіпсіздік техникасын дұрыс сақтамаудың салдарынан шығады, - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен.

Өзгелердің жаңалығы