Ақмола облысында 4,6 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды

5 Сәуір 2021, 13:55
2266
Бөлісу:
Ақмола облысында 4,6 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында жастар ресурстық орталықтары 4,6 мыңнан аса жастың жұмысқа орналасуына жәрдем көрсетті.

Облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Гүлзат Жұманбаеваның айтуынша, орталықтың қарқынды жұмысының арқасында соңғы алты жыл ішінде өңір жастары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда.

Соңғы статистика бойынша облыста 14-29 жас аралығындағы жастар саны – 154 мың адам. Олардың 55%-ы ауылдық жерлерде, 45%-ы қалада тұрады.

Осы уақыт ішінде ресурстық орталықтар 4,6 мыңнан астам жас мамандарды жұмысқа орналастыруға көмектесті. Жеке өтініштер бойынша 400-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік желілерде біздің мамандар «Көкшетау мен Ақмола облысындағы жұмыс» тобын тұрақты жүргізеді. Онда шамамен 40 мың жазылушы бар. Бос жұмыс орындары туралы ақпараттан бөлек жұмысқа орналасу туралы мақалалар, құжаттарды толтыру ережелері жарияланды. Демалыс кезінде орталық «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бойынша жастардың жұмысқа орналасуына көмек көрсетті. «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен–ауылға!» мемлекеттік бағдарламалары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Гүлзат Жұманбаева.

Оның айтуынша, өңірде волонтерлік қызметке 3 мыңға жуық ерікті тартылған. «Ақмола Жаңа толқын», «Вера в добро», «Феникс», «Жизненный путь», «Біз біргеміз», «Доброе сердце», «Lider.kz» қоғамдық қорлары белсенді жұмыс жүргізуде. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 800 студенттен құралған 33 волонтерлік жасақ жұмыс істейді. Колледждердің 30-ға жуық студенті Қазақстанның «Ұлттық еріктілер желісіне» кіреді.

Өткен жылдан бастап өңірде «Еріктілерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесі жұмыс істейді. Орталық елуден астам іс-шара өткізді. 12 мыңнан аса аз қамтылған отбасыларға, «Taza Alem» бағыты бойынша 1319 зейнеткер, мүгедек, жалғызбасты қарттарға көмек көрсетілді. «Вера в добро» қоғамдық қоры алпысқа жуық мұқтаж адамға дәрі-дәрмек жеткізді. Карантин кезеңінде «Өмір жолы» қоғамдық қоры қорғаныс маскаларын таратты. Төтенше жағдай кезінде фронт-кеңсе волонтерлері «Новопэк» ЖШС, Қызыл Жарты Ай облыстық филиалы және Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының волонтерлік орталығының қолдауымен көп балалы отбасыларға азық-түлік жеткізді, - деп атап өтті Гүлзат Жұманбаева.

Өңірде «Bilim» бағыты бойынша ағылшын тілін үйрену бойынша тегін курстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ облыс жастарына арналған психологтың онлайн-кеңесі ақысыз негізде жұмыс істейді.

Өңірде еріктілер із-түзсіз жоғалғандарды іздеуге қатысады. Олардың көмегімен 26 адам табылды. Фронт-кеңсе ақпарат таратуға және жоғалған адамдарды іздеуге барынша қолдау көрсетеді. Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан сарбаздарды іздеу жұмыстары жүргізілуде. Осындай жұмысты облыста «Поколение» іздестіру жасағы және «Atamnyn аmanaty» қоғамдық бірлестігі жүргізеді. Мысалы, Ресей Федерациясының Тверь облысынан медальоны бар қазақстандық жауынгердің сүйегі табылды. Ол Ақмола облысының тумасы, сарбаз Азықан Нұғыманов екен. Даңқ мемориалында аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың қатысуымен қаза тапқан жауынгердің құрметіне естелік акциясы өткізілді. Жауынгердің сүйегі кіші Отаны - Біржан сал ауданында жерленді, – деп қосты Гүлзат Жұманбаева.

Оның мәліметінше, «Sabaqtastyq» бағыты бойынша жоғары оқу орындарының 400-ден астам студенті инклюзивті оқыту, репетиторлық қызмет, бос уақытты ұйымдастыру, қарт адамдармен және девиантты мінез-құлықты балалармен жұмыс бағыттары бойынша жобаларды іске асыруға қатысады.


Өзгелердің жаңалығы