Әкімшілік әділеттің 5 жылы: Қазақстанда соттарға сенім 63,2%-ға дейін өскен

Сот жүйесіндегі жаңа тетіктер мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен жауапкершілігін күшейтуге ықпал етті.

 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 11:49
Бүгiн 2026, 11:49
217
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда әкімшілік әділет азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды қарау тәртібін түбегейлі өзгертті. Енді мемлекеттік орган өз шешімінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуге міндетті. Бұл туралы Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев Астанада өткен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» форумында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде инвесторлардың сенімін арттыратын және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын қамтамасыз ететін заманауи институционалдық ортаны қалыптастыру ерекше маңызға ие.

Мемлекетпен дауларды қараудың жаңа тәртібі

Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, әкімшілік әділеттің енгізілуі жария-құқықтық дауларды шешу тәсілін түбегейлі өзгертті.

Соттың белсенді рөлі және басқа да қағидаттар дауларды шешу тәртібін түбегейлі өзгертті. Нәтижесінде мемлекеттік аппаратпен арадағы дауларда әлсіз тараптың құқығын қорғауға басымдық берілді. Енді істі қарау кезінде өз шешімінің дұрыстығын азамат емес, мемлекеттік орган дәлелдеуге тиіс, – деді Мерғалиев.

Ол соттар тараптардың уәждерімен және ұсынылған дәлелдермен ғана шектелмеуі керек екенін атап өтті. Әділ шешім шығару үшін барлық мән-жайды жан-жақты зерттеу соттың міндеті саналады.

Сот бақылауының маңызды құралдарының бірі ретінде ақшалай өндіріп алу тетігі енгізілген. Сот актілерін орындамағаны, процестік құқықтарды теріс пайдаланғаны немесе процестік міндеттерді орындамағаны үшін сот жеке және заңды тұлғаларға, лауазымды адамдар мен олардың өкілдеріне ақшалай өндіріп алу шарасын қолдана алады.

Бұл реформаны жүзеге асыру үшін Жоғарғы сот ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізді. Қазақстанда мамандандырылған әкімшілік соттар құрылып, Жоғарғы сотта, облыстық және оларға теңестірілген соттарда әкімшілік алқалар жұмысын бастады.

Сонымен қатар халықаралық тәжірибе зерттеліп, судьяларға арналған оқыту бағдарламалары мен тағылымдамалар ұйымдастырылды.

Жыл сайын 100 мыңнан астам талап арыз түседі

Жоғарғы соттың мәліметінше, әкімшілік соттарға жыл сайын 100 мыңнан астам талап арыз түседі.

Әкімшілік әділет енгізілген алғашқы жылдары азаматтар мен бизнестің жеңіске жеткен істерінің үлесі шамамен 15 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 60 пайызға жеткен.

Бұл көрсеткіштердің артында азаматтар мен кәсіпкерлердің қалпына келтірілген құқықтары және сот жүйесіне деген сенімнің артуы тұр, – деді Жоғарғы сот төрағасы.

Ең көп қаралатын даулар салық салу, кедендік реттеу, экология және жер қойнауын пайдалану салаларына қатысты болып отыр.

Сонымен бірге Мерғалиевтің айтуынша, 2024 жылдан бастап кейбір санаттағы талап арыздардың саны азайып келеді. Бұл мемлекеттік басқару сапасының артуын және құқық қолдану тәжірибесінің біріздене бастағанын көрсетеді.

Соттарға деген сенім 63,2 пайызға жетті

Жоғарғы сот төрағасы халықтың сот жүйесіне деген сенімі 63,2 пайызға жеткенін айтты. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 55 пайыз болған.

Оның пікірінше, әкімшілік әділет тек сот жүйесін ғана емес, мемлекеттік басқарудың құқықтық мәдениетін де өзгертті.

Бүгінде шенеунік өз өкілеттігіне жай ғана сілтеме жасаумен шектеле алмайды. Ол қабылдаған шешімінің заңды, негізді және әділ екенін дәлелдеуге міндетті, – деді ол.

Мерғалиев сот тәжірибесі мемлекеттік мүддені мемлекеттік органның ұстанымымен автоматты түрде теңестіретін көзқарастан біртіндеп бас тартқанын атап өтті.

Мемлекеттің шынайы мүддесі – заңның сақталуы, әділдік және сот алдында барлығының тең болуы, – деді Жоғарғы сот төрағасы.

Жаңа қағидаттар мен бірізді тәжірибе

Өткен жылы әкімшілік әділет одан әрі институционалдық өзгерістердің қозғаушы күшіне айналды.

2024 жылы әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілердің бірізділігі қағидаты енгізілді. Бұл мемлекеттік органдарды ұқсас жағдайларда бірдей шешім қабылдауға міндеттейді.

2025 жылы экстерриториялық соттылық енгізілді. Оның мақсаты – істерді қарау кезінде әділетсіз ықпал ету тәуекелдерін азайтып, сыртқы факторлардың сот процесіне әсерін болдырмау.

Сонымен қатар Жоғарғы сотта әкімшілік істерді қайта қарау жаппай кассация қағидаты бойынша жүзеге асырылды. Бұл жария-құқықтық дауларды қараудың бірізді тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Кейін бұл тәсіл жаңадан құрылған дербес кассациялық соттарға да енгізіліп, қажетті өзгерістер заңнамалық деңгейде бекітілді.

Әкімшілік әділет дамуының жаңа кезеңі

Асламбек Мерғалиев әкімшілік әділеттің бес жылдық қорытындысын шығара отырып, бұл институттың «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудағы, құқықтық тұрақтылықты нығайтудағы, азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғаудағы және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырудағы маңызды тетікке айналғанын айтты.

Бес жылдық белес – әкімшілік әділет институтының қалыптасқанын көрсететін меже ғана емес, оның сот арқылы қорғалуды одан әрі жетілдіруге және мемлекеттік басқару сапасын арттыруға бағытталған жаңа даму кезеңінің бастауы, – деп түйіндеді Жоғарғы сот төрағасы.

Бұған дейін Жоғарғы сот беделді қорғауға қатысты істерді қараудың жаңа тәсілдерін әзірлегені хабарланған болатын.

Наверх