Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Кипр арасындағы бірін-бірі толықтыратын салаларды атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз экономикаларымыз бірін-бірі толықтыра алатын салаларға басымдық беруіміз керек. Олар – цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік және логистика, қаржы, туризм және білім беру салалары. Бұл мәселелерді біз жабық форматтағы кездесуде де талқыладық. Осы бағыттарда қандай жұмыстар атқаруға болатыны жөнінде ортақ түсінікке келдік деп ойлаймын, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр Республикасының президенті Никос Христодулидиспен өткен келіссөзде.
Сондай-ақ бүгін қол қойылған меморандумдарға үлкен үміт артатынын жасырмады.
Бүгінгі бизнес-форум мен сауда-өнеркәсіп палаталары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы тікелей байланысты нығайтады деп сенемін. Қазақстан біздің елде инвестиция салып, қызмет аясын кеңейткісі келетін кипрлік компанияларды құптайды. Бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдай жасау – Қазақстан саясатының негізгі басымдықтарының бірі, - деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін елордада Қазақстан-Кипр келіссөздері басталғаны туралы жаздық.
Сондай-ақ, Президент «Саяси ерік-жігер нақты нәтижеге айналуы керек» – деп Кипрмен байланыс туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана-Ларнака бағыты ашылғанын да атап өтті.