АХҚО БАӘ инвесторларын Қазақстанға шақырды

28 Мамыр 2024, 18:06
300
Бөлісу:
АХҚО БАӘ инвесторларын Қазақстанға шақырды
Фото: АХҚО

Дубайда өткен AIFC Connect іс-шарасына 100-ден астам компанияның өкілдері қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

28 мамырда «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері «AIFC Connect: UAE 2024» іс-шарасы аясында Дубай бизнесмендеріне Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, оның Орталық Азиядағы экономикалық рөлі және АХҚО-ның қызметі туралы айтып берді. Іс-шараға 100-ден астам компанияның – инвестициялық банктердің, халықаралық қаржылық, консалтингтік компаниялардың, заң фирмаларының 130-дан астам өкілі қатысты.

Іс-шара аясында екі панельдік сессия өтті, онда спикерлер капитал нарығының даму перспективаларын, сондай-ақ белсенді дамып келе жатқан Орталық Азия өңіріндегі қаржылық қызметтер саласындағы өзгерістерді талқылады.

Баяндамашылар арасында S&P Global Ratings егеменді рейтингтер жөніндегі директоры Заабия Гупта, Astana International Exchange биржасының Басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова, «АХҚО әкімшілігі» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Темірлан Мұханбетжанов болды.

«Біз Біріккен Араб Әмірліктерімен тығыз ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы әріптестік экономикалық әлеует пен іскерлік мүддеге және өзара құрмет пен ортақ құндылықтарға негізделеді. Экономикалық дипломатия біз үшін өте маңызды. Қазақстан Елшілігі инвестицияларды тарту, елдің мүмкіндіктерімен таныстыру және инвесторлар мен жергілікті бизнес арасындағы байланыстарды орнату бойынша белсенді жұмыс жасауда. Біздің экономикалық әріптестігіміз одан әрі кеңейіп, жаңа салаларды қамтиды деп сенемін», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Нәжмедин Мұхаметәлиұлы.

Бүгінгі таңда АХҚО-да БАӘ-нің 33 компаниясы тіркелген, олар холдингтік компаниялар, жобалау, құрылыс және қызмет көрсету, ақпараттық технологиялар, маркетинг және бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу жөніндегі кәсіпорындар ретінде жұмыс істейді.

АХҚО – «Орта дәліз», «Белдеу және жол» сияқты ірі инфрақұрылымдық бастамалар аясындағы мәмілелерді құрылымдау үшін тамаша алаң. «Орта дәліз» жобасы аясында «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ компаниясының еншілес кәсіпорны Abu Dhabi Ports Group-пен бірлесіп, біздің орталықта Caspian Integrated Maritime Solutions бірлескен кәсіпорнын тіркеді. Біздің елдер арасындағы ынтымақтастық қаржы секторына да таралуда. Бұл ынтымақтастықтың маңызды нәтижесі – Astana International Exchange-тың Tabadul цифрлық биржалық хабына қосылуы болды. Abu Dhabi Securities Exchange (ADX), Бахрейн биржасы және Muscat Securities Market биржасы мүшелері болған бұл өңірлік биржалық хаб нарықтарға өзара қолжетімділікті қамтамасыз етеді, – деп атап өтті АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров.

27 мамырда Әбу-Даби биржасында (ADX) екіжақты биржа аралық сауда үшін ADX құрған Tabadul цифрлық биржалық хабына AIX-тің қосылуына арналған Ring the Bell салтанатты рәсімі өтті. ADX биржасы Tabadul хабын 2022 жылдың шілдесінде нарықтарға өзара қол жеткізу моделі бойынша жұмыс істейтін өңірдегі алғашқы цифрлық биржалық сервис ретінде іске қосты. 

Платформа ынтымақтастықты нығайтуға және қатысушы нарықтардағы өтімділікті арттыруға бағытталған қатысушы биржалар арасындағы сауда үшін өңірлік және жаһандық деңгейдегі цифрлық биржа желісін құрайды.

Өзгелердің жаңалығы