Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай өтетін іс-шаралар бекітілді

18 Қаңтар 2022, 18:43
7322
Бөлісу:
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай өтетін іс-шаралар бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспар бекітілді.

Жалпы республикалық жоспар Президенттің 2021 жылғы 19 шілдедегі № 624 Жарлығымен құрылған мемлекеттік комиссияның отырысында 2021 жылдың 27 қазан күні бекітілді. Онда халықаралық, республикалық және өңірлік іс-шаралар қамтылған.

Жоспардағы негізгі іс-шаралар:

- Нұр-Сұлтан қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын мерекелеудің ресми ашылу рәсімін өткізу 2022 жылғы ақпан айына жоспарланып отыр. Оның аясында «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу, «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі және театрландырылған көрініс жоспарланған;

- Ахмет Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шет елдердің мұрағаттарынан іздеу және ғылыми айналымға енгізу;

- Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің 12 томдық толық жинағын басып шығару және тарату;

- Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің музейлермен, архивтермен, кітапханалармен интеграцияланған, қайраткер тұлғаның өмірін, қызметі мен мұрасын зерттеуге арналған байтұрсынтану жобасы шеңберінде «Ахмет әлемі» интерактивті порталын құру;

– «Ахмет-ұлт ұстазы» тақырыбына эссе жазуды ұйымдастыру және жоғары оқу орындарында, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын танымал етуге бағытталған конференциялар, дөңгелек үстелдер, дәрістер, семинарлар, дебаттық турнирлер, ашық сабақтар, сынып сағаттары, тақырыптық конкурстар өткізу;

- Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған мерейтойлық почта маркалары мен мерейтойлық монеталар шығару;

- Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайына, Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне реставрациялау жұмыстарын жүргізу;

- Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстелді ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы (Франция) штаб-пәтерінде отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің, ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өткізу;

- ТҮРКСОЙ аясында отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Стамбул қаласында (Түркия) Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел, фотокөрме ұйымдастыру;

- Ахмет Байтұрсынұлының (Түркістан қаласы) 150 жылдық мерейтойына орайластырылған ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ шеңберінде Халықаралық Түркітану конгресін өткізу.

2022 жылдың 23 қарашасында ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО ұйымдастыруымен мерекелеу туралы шешім қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы