Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы Түркияда атап өтіледі – бас консул

21 Сәуір 2022, 13:47
1518
Бөлісу:
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы Түркияда атап өтіледі – бас консул
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Түркияның Қазақстандағы бас консулы Али Рыза Акынжы Алматыда БАҚ өкілдерімен кездесу барысында ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы Түркияда да атап өтілетінін айтты.

Бас консул түркі әлемін жақындастыру арқылы екі елді бір-біріне жақсы таныстыра алатынымызды атап өтті. Сол себепті биыл Ахмет Байтұрсынұлының150 жылдығы Түркияда атап өтілмек.

Түркияның телеарналарында бұған дейін Алаш қозғалысы жайлы және Ахмет Байтұрсынұлын насихаттайтын танымдық бағдарламалар шықты. Биыл Алаш қайраткерінің мерейтойына орай Түркияда бірқатар іс-шара ұйымдастырылады,-деді бас консул.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы Түркияда атап өтіледі – бас консул

Сондай-ақ ол бұған дейін Абай Құнабайұлының 175 жылдық мерейтойы Түркияда кеңінен атап өтілгенін жеткізді.

Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толу мерейтойында Түркияның 17 қаласында ақынға арнап түрлі іс-шара өтті. Мәселен, бір қалада саябаққа ақынның аты берілсе, тағы бірінде сквер, көше, бұлвар, алаңға ақынның аты берілді, кейбірінде оған арнап ескерткіш, мүсіншелер қойылды. Сондықтан Қазақстанды түрік еліне таныстыру жұмыстары жалғаса береді әрі бұл бауырластық сезімін күшейтеді,-деді Али Рыза Акынжы.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы Түркияда атап өтіледі – бас консул

Бас консул сондай-ақ екі елді бір-біріне таныстыруда журналистерге үлкен міндет артылатынын айтып өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда еңбек етіп жатқан түрік кәсіпкерлері көп, олардың осы елге сіңіріп жатқан еңбегі жайлы БАҚ беттерінде айтыла бермейтін көрінеді.

Көпшілік түркиялық компаниялар құрылыс пен сауда саласында қызмет етіп жатыр деп ойлайды, бұл ақпараттың жетіспеушілігінен. Негізінен фармацевтика және экономиканың басқа да саласында қызмет етіп жатқан түріктер көп. Тіптен, бір жылы ең көп салық төлеген Түркия компаниясы екені анықталды, ол жайында да көп айтылмады. Мұның барлығы Қазақстанның дамуына қосылып жатқан үлес,-дейді ол.
 

Өзгелердің жаңалығы