Қазақстан мен Ресей арасында Атом электр станциясын (АЭС) салуға байланысты келіссөздер аясында Мәскеу тарапынан жеңілдетілген экспорттық қаржыландыру ұсынылатыны белгілі болды. Бұл туралы Қазақстанның атом энергиясы агенттігінің баспасөз қызметі ақпарат таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда АЭС құрылысының нақты құны әлі бекітілмеген. Себебі жобаның түпкілікті бағасына көптеген факторлар әсер етеді: оның ішінде құрылыс жүргізілетін аймақтың метеорологиялық және сейсмологиялық ерекшеліктері, инженерлік зерттеу нәтижелері, жабдықтардың шығу тегі (реактор технологиясын жеткізуші құрамына кірмейтін халықаралық өндірушілердің үлесі), құрылыс материалдарының жергілікті деңгейде өндіріліп-өндірілмеуі, сондай-ақ кадр мәселесі – яғни, құрылысқа қажетті мамандардың жергілікті жерде бар-жоғы, сырттан жұмыс күшін тарту қажеттілігі және логистика, қаржы шығындары секілді бірқатар басқа да мәселелер, - делінген агенттіктің журналистерге берген жауабында.
Жобаның нақты құны жобалау аяқталғаннан кейін және сараптамадан өткен соң ғана анықталады.
Алдын ала келісімдерге сәйкес, Ресей Федерациясы Қазақстанға АЭС құрылысы үшін жеңілдетілген шарттармен экспорттық несие ұсынбақ. Қаржыландырудың егжей-тегжейі әлі талқылану үстінде. Алайда белгілі болғандай, бұл қаражаттың бір бөлігі ұзақ уақыт бойы дайындалатын негізгі жабдықтарды сатып алуға жұмсалады. Атап айтқанда, ядролық реактор, бу генераторлары, негізгі циркуляциялық сорғылар және басқа да құрылғылар алынады. Сонымен қатар құрылыс-монтаж жұмыстары да осы қаражат есебінен жүргізіледі.
Басты мақсат – жобаның уақытылы жүзеге асуын қамтамасыз ету және толыққанды құрылысты бастауға дайындықты пысықтау.
Айта кету керек, жоба аясында Қазақстанда өндірілетін құрылыс материалдарын барынша пайдалану және отандық құрылыс мамандарын тарту көзделіп отыр. Бұл ретте жергілікті кадрлар арнайы аттестациядан өтіп, өз құзыреттілігін растауы тиіс. Ресейден құрылыс материалдары мен жұмысшыларды тасу экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылған, себебі Қазақстанда қажетті ресурстар мен мамандар бар әрі бағасы анағұрлым тиімді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда алғашқы АЭС-ті Ресей салатыны белгілі болды.
Қазақстанда электр энергиясының тарифі қалай өзгеретіні туралы да жаздық.