Адковат сотта үйдің бұрынғы басшысына: Жұбаниязоваға үйдің жағдайы жақсы екенін не себепті айттыңыз?

Гүлжаухар Ахметова үйдің жағдайы, жертөле кілттері және фасадтағы кірпіштер туралы жауап берді.

27 Тамыз 2026, 17:07
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 27 Тамыз 2026, 17:07
27 Тамыз 2026, 17:07
107
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр. Сот отырысында куәгер – кондоминиумның сенім білдірілген бұрынғы өкілі Гүлжаухар Ахметоваға тараптар сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сотта қорғаушы Ахметовадан қызметтен кетер кезінде Жұбаниязоваға үйдің жағдайы жақсы екенін не себепті айтқанын сұрады.

Мен үйдің жағдайы жақсы деп айттым, себебі оны басқа үйлердің жағдайымен салыстырдым. Басқа үйлерде қаншама мәселе болды. Ал біз бұл мәселелердің бәрін біртіндеп шешкен кезде, әрине, үйдің жағдайы жақсы деп айттым. Үй жылы болды. Тіпті мына кірпіштер құлаған кезде де үйдің жылы болған. Ыстық су тиісті деңгейде жұмыс істеп, суық су да қалыпты ағып тұрды. Тазалық пен тәртіптің болды, – деді куәгер.

Ол үйдегі жөндеу жұмыстары ақаулар пайда болған сайын жүргізілгенін растады.

Сондай-ақ сотта үйдің екінші қапталындағы фасадқа қатысты жүргізілген жұмыстар сөз болды. Ахметованың айтуынша, бұған №29 пәтердің тұрғындарының шағымы себеп болған. Альпинистер үйдің сол бөлігіндегі жұмыстарды жүргізген.

Сот куәгерден фасад құлаған тұстағы үйдің қапталында тұрған тұрғындар бұған дейін жарықтар, шу немесе басқа да мәселелер бойынша шағымданған-шағымданбағанын сұрады.

Жоқ, шағымданған жоқ, – деді Ахметова.

Куәгер сырттай қарау кезінде сол бөліктен жарықтарды байқамағанын да айтты.

Жауап алу барысында үйдің жертөлесіне қатысты сұрақтар қойылды. Ахметованың айтуынша, үйде екі жертөле болған. Оның бірінде сорғылар, жылу есептегіш және басқа да жабдықтар орналасқан, ал екіншісінде электр қалқаны болған.

Куәгер қызметтен кеткен кезде құжаттарды сорғылар орналасқан жертөлеге қалдырғанын айтты.

Электр қалқаны орналасқан жертөлеге қалдырмадым. Ол жерде тұрғындардың, меншік иелерінің қоймалары болды. Біреу кіріп, бірдеңе істеп қоймасын деп, құжаттарды сорғылар орналасқанжертөлеге қалдырдым, – деді ол.

Сотта фасадтағы ақ кірпіштерге қатысты да сұрақ қойылды. Ахметова бұған дейін альпинистер үйдің екінші қапталын тексерген кезде ақ кірпіштен жасалған өрнектер орналасқан бөліктегі кейбір кірпіштердің қабырғадан еркін алынғанын айтқан.

Куәгердің сөзінше, ақ кірпіштер мен қабырғаның арасында бос кеңістік болған.

«Басқа кірпіштер де осылай еркін алынды ма?» деген сұраққа Ахметова тұрғындар тарапынан шағым болмағанын айтты.

Оның айтуынша, тек ақ кірпіштен жасалған өрнектер орналасқан бөліктердегі кірпіштер еркін алынған, ал қызыл кірпіштерді олар алып тексермеген.

Біз онымен айналысқан жоқпыз, ешқандай шағым болған жоқ, – деді куәгер.

Еске салсақ, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен. Оқиға кезінде жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды.

Бұған дейін Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты өрт сөндіруші сотта жауап бергені хабарланды

Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін ТЖД қызметкері қызметінен төмендетілген. Аян Кемпіров сотта оқиға болған күні бөлімше командирі болғанын, алайда кейін басқа өрт сөндіру бөліміне ауыстырылып, өрт сөндіруші қызметіне төмендетілгенін айтты.

Тағы оқи отырыңыз: Ұлдана Мырзуан ісі: Үйдің бұрынғы басқарушысы сотта жауап берді 

Наверх