- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ұлдана Мырзуан ісі: Үйдің бұрынғы басқарушысы сотта жауап берді
Ұлдана Мырзуан ісі: Үйдің бұрынғы басқарушысы сотта жауап берді
Ұлдана Мырзуан ісі бойынша сотта бұрынғы кондоминиум өкілі жауап берді.
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
27 Тамыз 2026, 14:06
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты істі қарау жалғасып жатыр. 27 тамызда сотта Сауле Жұбаниязоваға дейін осы қызметті атқарған кондоминиумның сенім білдірілген өкілі Гүлжаухар Ахметовадан жауап алу басталды. Мемлекеттік айыптау тарапы одан үйдің техникалық жағдайы, тұрғындардың шағымдары және жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ахметованың айтуынша, ол бұл үйден пәтерді 2018 жылы сатып алған. 2019 жылғы 23 наурызда үй тұрғындары оны кондоминиумның сенім білдірілген өкілі етіп сайлаған. Бұл қызметті 2025 жылғы 30 сәуірге дейін атқарған. Сол күні үйде ОСИ құрылып, 12 мамырда ресми тіркелген.
Куәгердің айтуынша, қызметіне кіріскен кезде кондоминиумға қатысты бірқатар құқық белгілейтін құжат болмаған. Сондықтан ең алдымен оларды қалпына келтірумен айналысқан. Бұған дейінгі сенім білдірілген өкіл Ахшаловадан басқа құжаттармен бірге 2017 жылғы техникалық тексеру қорытындысын да қабылдап алған.
Ахметова үй тұрғындары үшін екі чат болғанын айтты. Бірінде ресми ақпарат, қаржылық есептер мен хабарландырулар жарияланса, екіншісі көршілердің өзара байланысы үшін пайдаланылған. Оның сөзінше, тұрғындар арасындағы жанжалдарға байланысты чаттардың бірі белгілі бір уақытқа жабылып, 2022 жылы қайта жұмыс істей бастаған.
Сотта прокурор тұрғындардан үйдің техникалық жағдайына қатысты шағымдар түскен-түспегенін сұрады.
Ахметова 29-пәтер иесінің шағымын еске алды. Оның айтуынша, бұл пәтердің тұрғыны үйдегі төбеден бір нәрселердің үнемі түсетінін айтып, мәселені чатта да көтерген.
29-пәтер чатқа да жазды. Кейін техникалық тексеру жүргізу мәселесі көтерілді. Бұл 2017 жылы болған, – деді куәгер.
Ахметова бұл шағымның өзі кондоминиумды басқарған кезеңіне дейін болғанын атап өтті. Оның сөзінше, 2017 жылы әкімдік техникалық тексеру жүргізіп, тиісті қорытынды берген. Кейін бұл құжат оған бұрынғы сенім білдірілген өкіл арқылы тапсырылған.
Сонымен қатар куәгер әр жылдары басқа тұрғындардан да үйдегі жарықшақтарға қатысты шағымдар болғанын айтты. Атап айтқанда, №36 және №40 пәтерлердің тұрғындары қабырғалардағы жарықшақтарға шағымданған. №40 пәтерде қабырғамен қатар еденде де жарықшақ пайда болғанын айтқан.
36-пәтер қабырғада жарықшақ пайда болғанына шағымданды. 40-пәтерде қабырға мен еденде жарықшақ болғанын айтты. 45-пәтер де шағымданды. Бұл үйді қабылдау кезінде, 2005 немесе 2006 жылдары болған. Мен қызметке келгенге дейін көп бұрын болған, – деді Ахметова.
Оның айтуынша, сол кезде оқиға орнына әкімдік өкілдері шақырылған. Тұрғындарға жарықшақтардың кірпіш үйдің шөгуіне байланысты пайда болғаны түсіндірілген. Ахметова өзінің басқару кезеңінде осыған ұқсас шағымдар түспегенін айтты.
Куәгердің айтуынша, 2017 жылғы техникалық тексеру қорытындысымен танысқаннан кейін үйді қосымша тексеру үшін өнеркәсіптік альпинистер шақырылған.
Мен осыны көргеннен кейін альпинистерді шақырдым. Олар бүкіл үйді тексерді. Техникалық қабат деңгейінде, бірінші кіреберістің балконының үстінде жарықшақ анықталды. Ол үйдің аулаға қарайтын алдыңғы жағында болды, – деді ол.
Ахметованың айтуынша, бұл жарықшақ шатырды жөндеу кезінде байқалған. Жұмысшылар оның назарын аудара отырып, техникалық қабат тұсындағы жарықшақты көрсеткен. Кейін альпинистер мен жұмысшылар шақырылып, жарықшақ орналасқан жердегі кірпіштер арнайы бекіткіштермен нығайтылған. Одан кейін ол жер сыланып, үйдің түсіне сәйкес өңделген.
Сондай-ақ куәгер №29 пәтерге қатысты тағы бір жағдайды айтып берді. Оның сөзінше, альпинистер үйдің жоғарғы бөлігіндегі сәндік кірпіштерді тексерген кезде олардың астында бос кеңістік барын анықтаған.
Альпинистер сәндік кірпіштерді алып көргенде, оның астында бос кеңістік бар екені анықталды. Содан кейін олар ол жерді ерітіндімен толтырып, сәндік кірпіштерді қайта орнына қойды. Кейін №29 пәтердің тұрғыны осып-төгілу мен бұрын естілетін дыбыстардың тоқтағанын айтты, – деді Ахметова.
Куәгердің айтуынша, кейін үйдің шатыры толық жөнделіп, парапеттер «Техноникольмен» жабылған. Бұл судың үйге өтуіне жол бермеу үшін жасалған. Сонымен қатар су ағатын жүйелер де ретке келтірілген.
Ахметова үйдің іргетасына қатысты да жұмыстар жүргізілгенін айтты. Оның сөзінше, тұрғындар іргетастың кей жерлерінде қозғалыс байқалғанын айтып, оны нығайтуды ұсынған. Осыдан кейін іргетас металл тіректермен бекітіліп, сырланған.
Куәгер сотта өзі басқарған кезеңде үйде жүргізілген басқа да жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша, жертөледегі құбырлар, ыстық су жүйесі ауыстырылып, циркуляциялық сорғылар орнатылған. Екі кіреберістің холдары жөнделіп, перилалар қойылған, аула абаттандырылған, автотұрақ пен велосипед тұрағы ұйымдастырылған.
Сонымен қатар ескі лифтілер жаңаға ауыстырылған.
Бұған дейін лифтілер ескі болатын, жиі тоқтап қалатын. Балалар ішінде қамалып қалып, жылап отыратын. Сондықтан меншік иелерін жаңа лифтілер орнатуға көндірдім. Жаңа лифтілер орнатылды, қазір жақсы жұмыс істеп тұр, – деді куәгер.
Сотта үйді басқаруға бөлінген қаражат мәселесі де қаралды. Ахметованың айтуынша, 2024 жылға дейін үйдің тарифі 25 теңге болған. 2024 жылдан бастап жинақ қорына әр тұрғыннан 15 теңгеден жинау туралы шешім қабылданған.
Куәгердің сөзінше, ортақ есепшоттағы қаражаттан аула сыпырушы, техник, электрик және басқа да қызметкерлердің жалақысы төленген. Сонымен бірге жөндеу жұмыстарына да осы қаражат жұмсалған.
Прокурор альпинистерді шақыру мәселесі тұрғындардың жалпы жиналысында қаралды ма деп сұрады. Ахметова арнайы жалпы жиналыс өткізілмегенін, алайда шығындар тексеру комиссиясымен келісілгенін айтты.
Альпинисті шақыру туралы шешімді өзім қабылдадым. Қызмет ақысы үйдің кассасынан төленді. Тексеру комиссиясының мүшелеріне қандай жұмыс жасау керектігін және қанша қаражат қажет екенін айттым. Олар келісім берді. Кейін акт жасалып, оған комиссия мүшелері қол қойды, – деді ол.
Сонымен бірге Ахметова үйдің кейін құлаған бөлігіне қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, ол үйдің шатырынан және қасбетінен тексеру жүргізген кезде, кейін обырылған жерде жарықшақ көрмеген.
Мен жоғарыдан, шатырдан қарадым. Ол жерде жарықшақ болған жоқ, – деді куәгер.
Ахметова үйді жыл сайын қысқа дайындау кезінде шатыр мен қасбет тексерілгенін айтты.
Үй – тірі организм. Жыл сайын қысқа дайындаламыз, шатырды тексереміз, еш жерде жарықшақ жоқ па, су бір жерге өтіп кетпей ме – бәрін қараймыз, – деді ол.
Куәгердің айтуынша, өзі басқарған кезеңде үйдің техникалық жағдайына байланысты жасалған жұмыстардың барлығы дерлік тиісті құжаттармен рәсімделген. Құжаттардың барлығын ОСИ құрылған кезде жаңа басқаруға тапсырғанын айтты.
Сотта Ахметованың 2025 жылы ОСИ-дің төрағасы болған Сауле Жұбаниязованың бұл қызметке келуі туралы жауабы да тыңдалды. Оның айтуынша, басқару нысанын өзгерту қажеттілігіне байланысты Жұбаниязовамен бірге заңгерге барған. Сол жерде үйде ОСИ құру немесе басқарушы компаниямен жұмыс істеу қажеттігі түсіндірілген.
Ахметова Жұбаниязованың бухгалтер болып жұмыс істегенін және ОСИ жұмысының ерекшеліктерін білетінін айтқан. Кейін тұрғындар арасында қол жинау жүргізіліп, ОСИ құруға қажетті дауыс саны жиналған.
Гүлжаухар Ахметованың соттағы жауабы жалғасып жатыр. Сот қазіргі таңда үйдің техникалық жағдайы туралы қандай мәліметтер басқару органдарында болғанын, тұрғындардың қандай шағымдары тіркелгенін және осы мәселелер бойынша қандай жұмыстар жүргізілгенін анықтап жатыр.
Еске салсақ, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен. Оқиға кезінде жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды.
Бұған дейін Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты өрт сөндіруші сотта жауап бергені хабарланды.
Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін ТЖД қызметкері қызметінен төмендетілген. Аян Кемпіров сотта оқиға болған күні бөлімше командирі болғанын, алайда кейін басқа өрт сөндіру бөліміне ауыстырылып, өрт сөндіруші қызметіне төмендетілгенін айтты.
Ең оқылған:
- Мектепте өзгеріс болады: Енді мұғалімдер аптасына 12 сағатқа дейін уақыт үнемдейді
- Қазгидромет ескертеді: Қазақстанда ауа райы күрт бұзылып, жаңбыр мен бұршақ жауады
- «Әділет» партиясы Құрылтайға баратын депутаттардың тізімін жариялады
- Жәрдемақы, үстемақы және қосымша төлем: Ауыл мұғалімдеріне қандай жағдай жасалған?
- Тоқаев Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашуды ұсынды