Жәрдемақы, үстемақы және қосымша төлем: Ауыл мұғалімдеріне қандай жағдай жасалған?

2019 жылдан бері ауылдарда 511 жаңа мектеп ашылды.

26 Тамыз 2026, 11:26
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов 26 Тамыз 2026, 11:26
26 Тамыз 2026, 11:26
231
Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Жаңа Конституция – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында тамыз конференциясы өтіп жатыр. Жиын барысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ауылдағы білім беру жүйесін қолдау және мектеп инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, еліміздегі мектептердің 65%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Онда 1,5 миллионнан астам бала білім алып, 214 мың педагог еңбек етеді. Бұл республикадағы барлық оқушының 39%-ын және ұстаздардың 52%-ын құрайды.

Сіздің тапсырмаңызбен алғаш рет ауылдағы балаларды және ауылдағы білім инфрақұрылымын қолдау жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. Қазір ауыл педагогтеріне бірқатар қолдау шаралары қарастырылған.

Атап айтқанда, ауыл мұғалімдеріне 25% үстемақы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақы, жеңілдетілген тұрғын үй несиесі беріледі. Сонымен қатар педагогтерге біліктілік санатына қарай 50%-ға дейін қосымша төлем қарастырылған. Ауыл мектептерінің кәсіби дамуына да ерекше көңіл бөлініп келе жатыр. Жыл сайынғы «Үздік педагог» байқауы жеңімпаздарының 50-60%-ын ауыл мұғалімдері, - деп айтты министр.

Білім беру инфрақұрылымын жаңартуға қатысты да ауқымды жұмыс жүргізілген.

2019-2026 жылдар аралығында ауылдық жерлерде 511 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның 84-і – «Келешек мектептері».

Нәтижесінде 32 апатты және 57 үш ауысымды мектеп мәселесі шешілген. Биылдың өзінде ауылдық жерлерде тағы 49 мектеп салынып жатыр.

Бұдан бөлек, 1300 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, оның 820-сы – ауылдық мектептер.

Бұл жұмыстар білім сапасының көтерілуіне оң әсер етуде, – деді министр.

Жұлдыз Сүлейменова PISA нәтижелеріне тоқталып, 2018 жылмен салыстырғанда 2022 жылы қала мен ауыл арасындағы математика және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша білім алшақтығы 5 балға қысқарғанын айтты.

Ауыл оқушыларының республикалық олимпиадаларға қатысу белсенділігі де артқан. Министрдің мәліметінше, арнайы республикалық олимпиадаларға қатысатын ауыл оқушыларының саны 85 мыңнан 125 мыңға дейін өскен. Сонымен қатар 1149 ауыл оқушысы медаль иеленген.

Мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші де ауылдық жерлерде жоғары деңгейде. Республика бойынша бұл көрсеткіш 70%-ға, ал ауылдық жерлерде 86%-ға жеткен.

Инфрақұрылымдық қолдау ауылдағы оқушы мен ұстаздың күнделікті өмірінде нақты сезіліп, білім сапасы мен нәтижесіне тікелей әсер етіп отыр, – деді Оқу-ағарту министрі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Астанада педагогтердің дәстүрлі тамыз конференциясы өтіп жатыр. Биылғы жиын «Жаңа Конституция – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналған. Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан конференцияға еліміздің өңірлерінен келген мұғалімдер, білім беру саласының мамандары мен сарапшылар қатысуда. Бұл дәстүрлі жиын биыл 600 маманның басын қосты.

Жиынның ашылуында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім саласындағы өзгерістер мен педагогтерді қолдауға бағытталған жұмыстар туралы айтты. Сөзінше, Қазақстанда мұғалімдердің жалақысына білім саласы қаржысының 65,9%-ы жұмсалады. Білім саласына бөлінетін қаржы үш еседен астам артты.

Наверх