Әділет министрлігі: Шетелге шығарылған 530 млн АҚШ долларын елге қайтардық

11 Ақпан 2022, 12:56
2461
Бөлісу:
Әділет министрлігі: Шетелге шығарылған 530 млн АҚШ долларын елге қайтардық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы  Әділет министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында вице-министр Азамат Әмірғалиев хабарлады. Оның айтуынша, ведомство мемлекеттің қызығушылығын қорғау бойынша бірнеше шаралар атқарған. 

460 млн АҚШ долларынан асатын соманы құрайтын мемлекеттің қызығушылығы қорғалды. Осылайша, екі дау бойынша 530 млн АҚШ доллары елге қайтарылды. Авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға 8 мыңнан астам куәлік пен өнеркәсіп меншігіне қарайтын нысандарға 12 мыңнан астам қорғау құжаты берілді, - деп атап өтті вице-министр. 

Сондай-ақ ол 2021 жылғы республикалық бюджеттің игерілуіне тоқталды. 

Былтыр министрлікке республикалық бюджеттен 53 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Ол толықтай көлемде игерілді. Әділет органдарының азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуде министрлікке жүктелген міндеттерді орындау бойынша жұмыс жалғастырылады, - деді Азамат Әмірғалиев.

Еске сала кетейік, бұған дейін вице-министр елімізде жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры құрылатынын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы