Әділет министрі Алматы қаласының кәсіпкерлерімен кездесті

24 Наурыз 2022, 17:30
1591
Бөлісу:
Әділет министрі Алматы қаласының кәсіпкерлерімен кездесті

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы алаңында Әділет министрі Қанат Мусин алматылық бизнес субъектілерімен кездесу өткізді. Күн тәртібінде  қаңтар оқиғасы кезінде кәсіпкерлер субъектілеріне келтірілген залалға қатысты мәселе, сондай-ақ кәсіпкерлерді қолдаудың заңнамалық шаралары талқыланды. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл басында орын алған жантүршігерлік оқиғалар адамдардың өмірін қиып, кәсіпкерлерге, жалпы қала экономикасына орасан зор шығын әкелді. Қазір қала басшылығы қаланы қалпына келтіру және зардап шеккен кәсіпкерлерге келтірілген шығынды өтеу бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Мәселелерді жан-жақты және мазмұнды талқылау мақсатында отырысқа министрліктің Сот сараптамасы орталығы мен Алматыдағы Сот сараптамасы институтының өкілдері қатысуда, - деді министр.

Кәсіпкерлік залалдарды анықтау бойынша 128 сараптама тағайындалды, сараптаманың келесі түрлері бойынша – құрылыс, шаруашылық, сауда. Оның 49-ы аяқталды, сараптама жасауға 12 жергілікті сарапшы және орталықтың аумақтық бөлімшелерінен 22 адам тартылды.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, бүгінгі таңда 6 млрд 191 млн 614 мың 157 теңге сомаға 1 236 өтінім мақұлданды. Оның ішінде 663 өтінім бюджеттен 5 млрд 33 млн теңгеге қаржыландырылса, қалған өтінімдер – «Жаңа Алатау» қорынан.

Қаңтар оқиғасы барысында зардап шеккен бизнес өкілдері министрге өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Жекелей алсақ,  оларды сот тауарлық, құрылыс экономикалық, өрт техникалық, құрылыс техникалық сараптамалардың жүргізілу мерзімі, ережесі толғандырды.

Министр өз құзыретінің аясына кіретін  сауалдарға толық жауап берді. 
Сонымен қатар, Қанат Мусин министрліктің өз құзыреті шегінде кәсіпкерлікті қолдау бойынша атқарып жатқан шараларына тоқталды.

Атап айтқанда, 2021 жылдан бастап жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу мерзімін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталды. Электрондық техникалық төлқұжат және сәйкестендіру және техникалық ақпараттағы сәйкессіздіктерді анықтау бойынша қорытынды беру іске қосылды. 2021 жылдың қаңтарынан бастап 9 мыңға жуық электронды төлқұжат берілді. Blockchain технологиясын пайдалана отырып, банк кепілі шарттарын тіркеу қызметі автоматтандырылды. 2021 жылдың 1 маусымынан бастап 1500-ге жуық кепіл шарты тіркелді. 2 сағат ішінде нотариаттық емес мәмілелерге құқықтарды электрондық тіркеу, сондай-ақ нотариаттық мәмілелер негізінде жеделдетілген электрондық тіркеу сәтті жүзеге асырылды,-деді министр.

Естеріңізге салайық, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді ресімдеу кезінде эксаумақтылық енгізілді.

Егер де бұрын мәмілелерді жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі нотариус куәландырса, енді тараптар оның орналасқан жеріне қарамастан кез келген нотариусқа жүгіне алады. Сәулет және қала құрылысы органдарының жылжымайтын мүлік объектісін бұзғанын растайтын құжат беру жөніндегі функциялары заңды түрде бекітілді. Бұл олқылықты жою жылжымайтын мүлік дерекқорындағы объектілер туралы ақпаратты уақтылы жаңартуға және тиімді салық салуға ықпал етеді.

Қанат Мусиннің сөзінше кәсіпкерлер үшін тіркеу іс-әрекеттерін оңайлату бойынша шаралар қабылданды. Осылайша, «Басшыны өзгерту (басшыны тағайындау, басшының міндетін атқарушыны тағайындау, заңды тұлғаның мүлкі мен қызметін басқарушыны тағайындау, басшыны лауазымынан шеттету)» қызметі автоматтандырылды. Қызмет 2021 жылдың қазан айынан басталды. Заңды тұлғаларды, оның ішінде коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу саласында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша жол картасы бекітілді.
 

Өзгелердің жаңалығы