Әдеби сыйлық. Әр жеңімпазға 4 млн теңге сыйақы

2 Маусым 2023, 10:15
2196
Бөлісу:
Әдеби сыйлық. Әр жеңімпазға 4 млн теңге сыйақы
Фото: Мәдениет және спорт министрлігінен

Тұңғыш рет жас жазушылар мен ақындарға президенттік арнаулы әдеби сыйлық беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елімізде биыл тұңғыш рет дарынды жастарға мемлекеттік қолдау көрсету, ақын-жазушылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында Президенттік арнаулы әдеби сыйлық табысталады. Бұл туралы жас қаламгерлермен кездесу барысында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлімдеді.

Президеттік әдеби сыйлық негізгі 4 номинация бойынша үздіктерді анықтайды. Үміткерлер «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» бойынша өз еңбектерін ұсына алады. Әр номинацияда жеңімпазға 4 млн теңге сыйақы және «Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты» атағы, диплом және төсбелгі беріледі.

Әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер үміткер бола алады. Өтінімдер 2023 жылғы 1 маусымнан 30 маусымға дейін, қағаз және электронды нұсқада қабылданады. Басты шарт – Президенттік әдеби сыйлыққа ұсынылатын жұмыс осыған дейін халықаралық және ұлттық байқауларға қатыспаған, тың туынды болуы керек.

Мұндай бастамалар отандық әдебиетті дамыту үшін ғана емес, қазақ тіліндегі контентті көбейту үшін, әсіресе балалар әдебиеті саласындағы контентті көбейту үшін қажет. Бүгінде министрлік театр өнеріне үлкен көңіл бөліп отыр. Біздің мақсатымыз-отандық авторлардың қойылымдарының санын арттыру. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жас драматургтер маңызды рөл атқаратынына сенімдімін,- деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Өзгелердің жаңалығы