Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов жалпы отырыста семейлік жігітті мысалға келтіріп, өзекті мәселенің шешімін сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңның жобасында науқастың өміріне қауіп төнген жағдайда ғана шұғыл, тез тегін медициналық көмек ала алатыны қарастырылған. Енді сұрақ туындап отыр. Бұл іс жүзінде қалай жүзеге асады? Мысалы, туралап келсе, адам тұмаудан да өліп қалуы мүмкін. Құдай бетін ары қылсын. Бізде Алматыдағы хирургия институтынан бастап ПІБ-тің ауруханасына дейін қайте қойған диагнозды сізге айтып та, шағымдарды беріп те жүрмін. Осындай сәттерде азаматтың өміріне қауіп төнгенін жергілікті атқарушы орган анықтайтын болса, қайтадан теріс диагноз көбейіп кетпей пе? Бұл өте қауіпті, - деді депутат.
Ол кейде өңірлер статистика бұзбау үшін диагноз қоймайтынын айтты.
Ринат Зайытов нақты мысал келтірді.
Семейде бір жігіт бар. Бір көзі мүлдем көрмейді. Екінші көзі де көрмей қалуы мүмкін. Ол МӘМС-те де, ешқайда жоқ. Оған не деп айтамыз? Екі көзің көрмей қалады, тастап кет деп айта саламыз ба? Осындай тетіктер неге қарастырылмай жатыр? – деп сұрады Зайытов Әлназаровадан.
Денсаулық сақтау министрі депутатқа өзекті мәселелер көтеріп жүргеніне алғысын білдірді.
Шұғыл жағдайда ғана көмек көрсетіледі деген мәселені жіктеп айтып өтейін. Жедел жәрдем қызметіне оның ешқандай қатысы жоқ. Жедел жәрдем қызметі категория бойынша қалай көрсетілді, солай қалады. Ол барлығына қолжетімді болады. Бұл жерде мәселе жоқ. Біз қазіргі таңда ауруханаға жатқызу мәселесінде көп сұраныс болып жатыр. Яғни бұл жерде нақты сұраныс болған жағдайда, өміріне шын мәнінде қауіп төніп тұрған жағдайды сараптап, бөлек шығардық. Бұған қатысты нақты тізім болады. Өміріне қауіп төнгенде стационарға жатқызылады, - деп жауап берді Ақмарал Әлназарова.