Желмая. Ел футболының дамуына не жетіспейтіні айтылды

11 Қараша 2021, 14:42
976
Бөлісу:
Желмая. Ел футболының дамуына не жетіспейтіні айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел футболы дамысын десек, алаңдар көптеп салыну тиіс. Бұл туралы Желмая жобасының кезекті қонағы - «Астана» ФК капитаны Абзал Бейсебеков мәлім етті.

Әр ауылдың жеке тұлғалары бар. Менмін деген қанша ағаларымыз бар. Соларға үкіметтен бұйрық беріліп, алаң салу жүзеге асырылса, болатын нәрсе негізі. Меніңше, ол балалар үшін үлкен мүмкіндік болар еді. Жақсы спортшылар ауылдан шығады. Өздеріңіз білетіндей, көбі қиыншылықты басынан өткерген отбасылардан шығып жатады, – деді «Астана» ФК капитаны.

Спортшы еліміздің футболына не жетіспейтінін айтты. Оның айтуынша, біздің елімізде футбол академиялары аз.

Меніңше, футбол академиясы көп болуы керек. Қазір елімізде тек «Қайрат» академиясы ғана бар. Өңірлердегі жағдайымыз тіпті қиын. Академия өз нәтижесін бермей қоймайды. Өздеріңіз көріп жүргендей, «Қайрат» академиясының жастары әр түрлі жарыстардан алдыңғы қатарда жүреді. Тіпті Мәскеуде «Кайрат-Москва» деген команда бар. Егер біздің елде академия көбейіп, ол жақсылап қолға алынса, қазақ футболы дамиды деп ойлаймын, – деді Бейсебеков.

Сондай-ақ ол футболы өркендеген елдердің бұл спорт түріне деген көзқарасы бөлек екенін айтты.

Мәселен, Бразилияда бала дүниеге доппен бірге келеді деп әзіл ретінде айтып жатады. Олардың футболға деген ықыласы бөлек. Осы бір спорт арқылы жетістікке жете аламын деген ұғым қалыптасқан, – деді Бейсебеков сұхбат барысында.

Өзгелердің жаңалығы