Алматы көшелерінің біріне Әбіш Кекілбаевтың есімі берілді

20 Қыркүйек 2019, 15:44
2789
Бөлісу:
Алматы көшелерінің біріне Әбіш Кекілбаевтың есімі берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың құрметіне көше берілді, деп хабарлады Almaty.tv.

Енді бүгіннен бұрынғы Каблуков көшесі абыз тұлғаның есімімен аталады.

Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар мен жақындары қатысты. Қала басшысы әдебиетіміздің алып бәйтерегінің шығармалары тек еліміздің аумағында ғана емес, әлемге тарағанын атап өтті. Көше атауы ғұламаның 80 жылдығына орай беріліп отыр. Оның жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асады.

«Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ» деп мәлімдеген Әбіш Кекілбайұлының сөзінде де, шығармашылығында да жасандылық болған жоқ. Ұлы Мұхтар Әуезовтен бата алған талантты тұлға ойын ірікпей айтты, сырын бүкпей жазды, еліне жанын салып адал қызмет етті. Әбіш Кекілбай шығармаларын оқи отырып, қазақ деген халықтың ұлттық мінезін, мәдениетінің сан қырлы қатпарын жазбай тануға болады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ белгілі жазушы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлының өзі тұрған үйінен мемориалды тақта да ашылды. Салтанатты шараға қоғам қайраткерлері, туыстары мен зиялы қауым өкілдері, ақынның жұбайы қатысты.

«Әбіш 1957 жылы Алматыға оқуға түсті. 1962 жылы оқуын бітірді. Сосын 1963 жылы анасын көшіріп әкелді. 1964 жылы мен Ақтөбеден медициналық университетті бітіріп келдім. 51 жыл бірге тұрдық. Шығармашылығының көбі осы қаладан басталды. Ол – осы студент кезінен, тіпті мектептен жүрген кезінен көзге түскен адам», – деді Әбіш Кекілбаевтың жұбайы Клара Жұмабаева.

Өзгелердің жаңалығы