Абай-175: Түркияның Измир қаласында ақынға арналған кітап жарық көрді

6 Қаңтар 2021, 19:36
3292
Бөлісу:
Абай-175: Түркияның Измир қаласында ақынға арналған кітап жарық көрді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркияның Измир қаласында Абайға арналған кітап жарық көрді. Абайдың тілі мен шығармашылығы талданған ғылыми жинаққа түркі елдерінің филолог, тарихшы және түрколог ғалымдарының мақалалары еніп отыр. 

577 беттік кітап Эгей университетінің Түркі дүниесі зерттеулері институтында жарияланды. Ғылыми басылым редакторлары Мехмет Темизкан, Ферах Түркер, Шима Доған және Марлен Әділов. Кітап Абай академиясы, Түркі дүниесі зерттеулері институты және Н.Келімбетов атындағы Түркітану орталығының ұйымдастыруымен өткен халықаралық симпозиум материалдары негізінде басылды.    

Абай-175: Түркияның Измир қаласында ақынға арналған кітап жарық көрді

Бұған дейін 2020 жылғы 25-27 қараша күндері Эгей университетінде «Абай − түркі әлемінің ұлы тұлғасы» атты халықаралық онлайн симпозиум өткен. Сол ғылыми жиынға қатысқан ғалымдардың Абай зерттеулеріне байланысты ұсынған ғылыми мақалалары мен баяндамалары кітап болып шығарылды. Жинаққа Қазақстан (14), Түркия (16), Өзбекстан (4), Қырғызстан (3), Әзербайжан (2), Ресей (2) (Татарстан мен Хакасия), Түркменстан (1) секілді елдердің қырықтан астам зерттеушінің еңбегі кірді. Оның ішінде Қазақстаннан Құныпия Алпысбаев, Тұрсын Жұртбай, Шерубай Құрманбайұлы, Юлай Шамильоғлу, Рақымжан Тұрысбек, Жанат Аймұхамбет, Мақсат Алпысбес сияқты елге белгілі профессор ғалымдар бар.

Абай-175: Түркияның Измир қаласында ақынға арналған кітап жарық көрді

Кітаптағы мақалардың мазмұнынан Абайдың тек қазақтың емес, бүкіл түркі әлемінің ұлы ақыны екенін аңғарамыз. Сол себепті оны бүкіл түркі әлемінің ұлы тұлғасы дейміз. Соның нәтижесінде шайырдың шығармалары ең бірінші түркі тілдеріне аударылып, бауырлас елдер ғалымдары тарапынан жан-жақты зерттеліп, көптеген ғылыми мақалалар мен кітаптар жарық көріп жатыр. Бұл симпозиум жинағында да бауырлас түркі елдерінің түгел өкілдері (алты елден) Абай мұрасы жөнінде құнды пікірлер, маңызды ақпараттар жазылды. Соның ішінде «Абай және қазақ-түркі тарихы мәселелерi; Абайдың психологиялық көзқарастары; Абай өлеңдеріндегі этнографиялық бейнелеулер; Абай Қара сөздеріндегі адам типтері; Ақын шығармаларын аудармадағы ақтаңдақтар; Абaй тiлiндегi қос сөздер; Фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер; Абай ойларының түркі халықтарына әсері; Ұлы тұлғалар және Абай; Абай түсінген ақиқат; Абай Құнанбайұлы және назиралық дәстүр; Шайырдың ақындық болмысын танудың шарттары; Мүрсейіт қолжазбасының тілі; Абай мұрасындағы ұлттық және жалпыадамдық құндылықтар; Абай есімінің этимологиясы» секілді гуманитарлық ғылымдардың түрлі тақырыптары қамтылды.

Кітаптың PDF нұсқасын мына жерден жүктеп алуға болады.

Осындай ғылыми жинақтардың шығуы Абай мұрасын жан-жақты талқылаумен бірге түркі елдері ғалымдарының ғылыми бірлігін нығайтып, туыстас халықтардың ауызбіршілігін бекемдей түсетіні ақиқат. Ілгеріде Абайтануға қатысты бұдан да ауқымды еңбектер шығып, түркі елдері ғалымдарының Абайды тануда жаңа ғылыми жаңалықтар шыға береді деген ойдамыз.


Өзгелердің жаңалығы