Абай-175: Ақындар айтысының жеңімпаздары анықталды

9 Ақпан 2020, 13:15
2140
Бөлісу:
Абай-175: Ақындар айтысының жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған "Адамзаттың алыбы – хакім Абай" атты республикалық ақындар айтысының жеңімпаздары анықталды.

Бұл туралы "Nur Otan" партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында "Nur Otan" партиясының қолдауымен және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен жыр аламаны биыл өтетін айтыстардың беташары болды.

Айтысты белгілі ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман жүргізді. Ол өз сөзінде бүгінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұлы тұлғаларымызды ұлықтап, тарихи өткенімізді айшықтап отыруымыз – ел Тәуелсіздігінің арқасы, аға буынның қажырлы еңбегінің жемісі екенін ерекше атап өтті.

Президентіміз биылғы жылды Абай жылы деп жариялады. Жақында ғана Абайға арналған іс-шаралардың бастауын өзі келіп ашып берді. "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласын бәріңіз оқыған шығарсыздар. Биылғы көптеген шаралар Абайға арналады. Абай - біздің қағбамыз, қазақ руханиятының темірқазығы. Бәріміз бойымызды да, ойымызды да Абайға қарап түзеуіміз керек, - деді Жүрсін Ерман.

Аламан айтысқа барлығы 16 ақын қатысты. Сайдың тасындай іріктелген айтулы ақындар сөз сайысына Абай мұрасын арқау етіп, ұлы ойшыл ұсынған асыл ойларды, өшпес құндылықтарды кеңінен толғады. Ұлы Абай өсиетіндегі өскелең ұрпақтың бойына жасампаздық рухын сіңіру, ойшыл сынаған жағымсыз қылықтардан арылу, кемеңгер сілтеген адамшылық жолын ұстану – айтыстың негізгі тақырыбына айналды.

Бұл айтыстың бұрынғы айтыстардан басты ерекшелігі сөз сайысына түсетін ақындардың сахнада жеребе тарту арқылы тұтқиылдан жұпталуы болды.

Аламан айтыстың бас жүлдесі белгілі ақын, "Алтын домбыраның" екі дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Ал бірінші орынды Сыр елінің ақыны Мейірбек Сұлтанхан иеленсе, екінші орынды Еркебұлан Қайназаров пен Серік Қуанған олжалады. Үшінші орынды Тілеген Әділов, Әсем Ережеқызы, Рауан Қайдаровтар алды.

Өзгелердің жаңалығы