Ақтоты Райымқұлова Ержан Максимді қабылдады

27 Қараша 2019, 13:50
4904
Бөлісу:
Ақтоты Райымқұлова Ержан Максимді қабылдады
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Junior Eurovision-2019 байқауынан жүлделі екінші орынмен оралған Ержан Максимді қабылдап, анасы мен жас әншіге гүл шоқтары мен сыйлық табыс етті. 

Қазақстанға осындай сый алып келген Ержан баламызды құттықтаймын. Шаршама. Жетістіктерге жете бер. Польшаның Гливице қаласында 19 елден келген жас әншілер бақ сынаған Junior Eurovision үлкен байқауына өзің қатысып, қаншама адам дауыс берді. Жүзден жүйрік шығып, үлкен дәрежеге жеткеніңе мың да бір алғыс. Осындай жетістіктер бір мезгілде болмайды. Ол – үлкен жұмыстың нәтижесі. Ержанның отбасының, ата-анасының, елдің қолдауы мен Ержанның үлкен еңбекқорлығының, жанында жүрген ұстаздарының арқасында жетістіктерге жетіп жатыр. Саған жақсылық, бақыт тілеймін. Үлкен өнер ордаларында дауысың шырқала берсін, - деді Райымқұлова. 

Министр Ержан Максим мен анасына гүл шоқтарын табыстап, жас әншіге "Қазақ елі" монументінің мүсіншесін сыйлады.

Еске сала кетсек, Ержан Максим Польшаның Гливице қаласында өткен Junior Eurovision-2019 байқауында 212 ұпаймен екінші орынға табан тіреді. Ал байқаудың бас жүлдесіне 278 ұпай жинаған Польша өкілі Вики Габор ие болды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жас өренді жеңісімен құттықтаған еді.

Өзгелердің жаңалығы