Ақтөбеде өртеніп жатқан үйден 7 бала құтқарылды

7 Қазан 2020, 15:19
1672
Бөлісу:
Ақтөбеде өртеніп жатқан үйден 7 бала құтқарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе құтқарушылары өрт шыққан қабаттан 7 бала мен 8 ересек адамды құтқарды. Өрт сөндірушілер жүкті әйелді де өртеніп жатқан үйден алып шықты, деп хабарлады облыстық Төтенше жағдай департаменті. 

Оқыс оқиға 2020 жылдың 6 қазанында кешкі сағат 19:30 шамасында болған. 

101 телефонына Ақтөбе қаласы Бөгенбай батыр көшесі, 133 А үйдегі пәтердің бірі өртеніп жатқаны туралы хабарлама түсті. Өрт үшінші қабаттағы электр сымдарынан шығып, жоғары қабаттарға тараған. Ғимаратты тексеру кезінде Ақтөбе қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі Адай Сембин төртінші қабаттағы балконнан ​жүкті әйелді көрген. Ол дереу автосатымен сыртқа алып шықты, - делінген хабарламада.

Тұрғынға алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

Апаттар медицинасы қызметкерлерінің көмегімен жүкті әйел Ақтөбе қаласының алғашқы көмек көрсету ауруханасына улы газдан уланудың алдын ала диагнозымен жеткізілді. Алайда тексеруден кейін ол ауруханаға жатудан бас тартты, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Ақтөбе құтқарушылары өрт шыққан қабаттан 7 бала мен 8 ересек адамды құтқарды. Ақтөбе облысы Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, мамандар өрт шыққан үйден 15 бала мен 25 ересек адамды эвакуациялаған.


Өзгелердің жаңалығы