Ақмолада студенттік жасақтар құрылысқа аттанады

18 Сәуір 2019, 14:49
1693
Бөлісу:
Ақмолада студенттік жасақтар құрылысқа аттанады

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Жастар жылына орай Ақмола өңірінде жастарды еңбекке тарту мақсатында студенттік құрылыс жасақтары қайта қалпына келтіру көзделіп отыр.

Осы мақсатта Ақмола облысының туристік ассоциациясы, облыстық ішкі саясат басқармасы мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті арасында меморандумға қол қойылды.

Жастар жылына орай Ақмола облысында студенттік құрылыс жасақтары жұмысын бастайды. Құрылыс жасақтары биылғы жылдың 18 мамырында «Парус» балалар сауықтыру орталығының жатын корпусының құрылысына кіріседі.

Кәсіптік білім беру саласында дуальдік оқытумен тығыз байланысты құрылыс жасақтарын қайта қалпына келтіру туралы бастаманы республикалық балалар-жасөспірімдер туризмімен бірігіп облыстық туристік ассоциациясының төрағасы Қайрат Сұлтанов қолға алып отыр. Алғашқы құрылыс нысаны «Парус» балалар сауықтыру орталығы болып белгіленді.

 «Бұл үш қабатты корпус, құрылысты лицензиясы бар мердігер жүргізеді. Ал студенттер құрылыс жұмыстарына өз үлестерін қосып, оқуларын да жалғастыратын болады. Қазіргі уақытта құрылысшы мамандығына оқып жатқан Көкшетау мемлекеттік университетінің 3-4 курсының 21 студенті іріктелді. Студенттер 18 маусымға дейін бір ай тәжірибеден өтеді», - дейді облыстық туристік ассоциациясының төрағасы Қайрат Сұлтанов.

Студенттер қамыс, топырақ, құмды пайдаланып, балаларға арналған жазғы демалыс жайларын салу туралы жобаларын жүзеге асыра алады. Сауықтыру орталығы студенттердің тамағы мен жатын орнына жұмсалатын шығынды өз мойнына алып отыр.

Бір атап өтерлігі, меморандум аясында құрылыс қана емес, педагогикалық, механизаторлық және медициналық жасақтар да қалпына келтірілмекші. Биылғы оқу жылында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау  мемлекеттік университетінде жалпы медицина факультеті ашылды.

 «Педагогикалық жасақ орталық балаларымен жұмыс істейтін болады. Медицина жасағына 4-5 адам іріктелді. 1 курс студенттері болғанымен, жоғары медколледж түлектері, яғни, фельдшерлер алғашқы медициналық көмек көрсете алады», - дейді туристік ассоциация төрағасы.

 Механизаторлық жасақтар 10-15 адамнан құралады. Бұл аграрлы аймақ үшін сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Олар үшін студенттік жасақтар арқылы өндірістік тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік. Әрі болашақта жұмысқа орналасуға да көмектеседі.

 «Жасырары жоқ, жоғары оқу орындарында аграрлық мамандыққа оқып жатқан студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуінде проблемалар баршылық. Көптеген студенттер бидай мен арпаны айыра алмайды. Бұл әрине, тәжірибеден өтпегендіктен. Қазіргі уақытта фермерлермен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен келіссөздер жүргізілуде»,- дейді Қайрат Сұлтанов.

Оның айтуынша, жаңа жобалар жастардың болашақты білікті маман болып қалыптасуына зор ықпал етеді.

 «Құрылыс жасақтарын қалпына келтіру жастарыда еңбекке тартудың тиімді жолы. Өзім кезінде Горький автомобиль, Қорған автобус зауыттарында өндірістік тәжірибеден өттім. Дуальдік оқытудан бөлек бұл жастарды патриотизм, жауапкершілік, дербестікке үйретеді», - дейді туристік ассоциация төрағасы. 


Өзгелердің жаңалығы