7 балдан жоғары жер сілкінісінің болуы екіталай – сейсмологпен сұхбат

26 Қараша 2024, 09:40
3127
Бөлісу:
7 балдан жоғары жер сілкінісінің болуы екіталай – сейсмологпен сұхбат
Фото: pixabay.com

Елімізде және жапсарлас жатқан аумақтарда жылына 7 мыңға дейін, кей жылдары 10 мыңнан астам жер сілкінісі тіркеледі. Сілкініс қуаты тұрғысынан Алматы өңірі және Алматы қаласы сейсмикалық қаупі өте жоғары болып есептеледі. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, PhD Елизавета Есенжигитовамен тілдесті.

7 балдан жоғары жер сілкінісінің болуы екіталай – сейсмологпен сұхбат
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Алматыда қатты жер сілкінісі болуы мүмкін бе?

- Өздеріңізге белгілі, Алматы қаласы және Алматы аймағы сейсмикалық қауіптілігі жағынан Орталық Азиядағы ең жоғарғы деңгейдегі сейсмикалық аймақ болып есептеледі. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Алматы аймағында 2 рет ірі жойқын жер сілкіністері болып өткен. Олар 1887 жылы Верный жер сілкінісі болды. Оның магнитудасы – 7,3. Алматы қаласында 9-10 балдық болып сезілді. Оның эпицентрі Іле Алатауының солтүстік беткейінде орын алды. Верный қаласымен қатар маңындағы елді мекендерге, яғни Қаскелеңде, Ұзынағашта, Есікте, Түргенде және Талғарда 9 балға дейін сезілді. Жер сілкінісінің салдарынан Верный қаласы толығымен қирады. Алматы өңірінде болған екінші жойқын жер сілкінісі 1911 жылы болған Кемин жер сілкінісі. Оның магнитудасы 8,2, сілкініс қарқындылығы эпицентрде 10-11 балл болды. Алматы қаласы бұл жер сілкінісінен де толығымен қирады. Сондықтан Алматы өңірінің жер сілкінісіне бейім және өте қауіпті екендігін ескере отырып, бұл аймақтағы тұрғындар жер сілкінісі құбылысына әрқашан дайын болғаны жөн. Тұрғындар жер сілкінісі болғаны туралы алып-қашпа деректерге емес, ресми ақпарат көздерінің мәліметтеріне ден қойғаны дұрыс. Сейсмолог мамандар Алматы аймағында күшті жер сілкінісін болжаудың үш мерзімді болжамын, байламын жасайды. Осы жылдың басында сейсмикалық қауіпті Алматы өңірі үшін 2024 жылға арналған орта мерзімді болжам жасалды, ол бойынша жыл барысында магнитудасы 5,5-тен асатын, сілкініс қарқындылығы эпицентрінде 7 балдан жоғары жер сілкінісі болу ықтималдылығы төмен.

- Қаланың қай бөлігі қауіпті? Жасыл, қызыл аймақтарды айта кетсеңіз.

- Сейсмолог мамандар халықаралық тәжірибеде қалыптасқан ереже бойынша жер сілкінісінің қауіптілігін түрлі түспен емес (қызыл, жасыл), балдық бағаммен айқындайды. Алматы қаласы үшін әзірленген шағын аудандастыру картасының нәтижесі бойынша Алматы қаласының аумағы сілкініс қарқындылығы бойынша 9-10 балға жатады. Соның ішінде, қаланың оңтүстік бөлігі 10 балдық, ал солтүстік бөлігі 9 балдық сілкініс аумақтарына жатады. Бұрындары болып өткен күшті жер сілкіністері ошақтарының басым көпшілігі таулы аймақтарда орналасқандықтан, қаланың оңтүстік бөлігі сейсмикалық қарқындылығы жоғары болып есептелінеді. Қаланың солтүстігі 9 балдық болғанымен, жер қыртысын құрайтын топырақ ерекшеліктеріне, құрамы, қасиеті және ылғалдануына қарай ішінара шағын 10 балдық зоналар да бар.

- Қазіргі таңда сейсмология институты жаңа құрылыстың салынуын, жер сілкінісіне төзімділігін тексере ме?

- СБЗҰҒО өзінің Жарғысына сәйкес түбегейлі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу жүмыстарымен айналысады. Жаңа ғимараттардың құрылыс нормаларына сай салынуын және олардың жер сілкінісіне төзімділігін кешенді тексеру міндеттері қазіргі таңда СБЗҰҒО құзырына кірмейді.

- Жер сілкінісіне байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Қазақстан территориясында және жапсарлас жатқан аумақтарда жылына 7 мыңға дейін, кей жылдары 10 мыңнан астам жер сілкінісі тіркеледі. Сілкініс қуаты тұрғысынан Алматы өңірі және Алматы қаласы сейсмикалық қаупі өте жоғары болып есептеледі. Қазіргі уақытта еліміздегі сейсмикалық қадағалау бекеттерінің дені Алматының сілкініске қауіпті аудандарында шоғырланған. Сейсмикалық станциялармен қатар, мұнда геофизикалық (электромагниттік раулану үрдістері, жердің табиғи электр өрісінің өзгерімдері, жердің магнит өрісінің параметлерінің өзгерімдері), гидрогеологиялық, гидрогеохимиялық, деформациялық және де басқа бекеттер кешенді түрде үздіксіз режимде қадағалау жұмыстарын жүргізеді. Кешенді бақылау станцияларының желісінен алынған деректер (200 параметрге дейін) online режимде өңделіп, талданады. Бұл деректерді талдау және пайымдау (интерпретация) барысында, қарастырылып отырған ауданда жер сілкінісінің туындауына әсері болуы мүмкін қосымша жанама деректер де кешенді талдауға қамтылады. Мысалы, Күн-Жер-Ай жүйесінде тартылыс күштері арқылы туындайтын тепсеңдік күштердің (прилив) аймақтың жер қыртысына әсерлері, планетааралық магнит өрісінің өзгерімдері, күн белсенділігінің және магнит дауылдарының қарқындылық ерекшеліктері, атмосфералық процестердің жер қыртысына әсері, жердің астыңғы терең қойнауларында және ғарыштан келетін нейтрондық импульстар мен ағындардың уақыттық өзгерістері және тағы басқа. Институт зертханаларында жоғарыда айтылған кешенді деректерді талдау және оларды қорытындылап пайымдау әлемнің жер сілкінісіне қауіпті аймақтарда қазір қолданып жүрген жер сілкінісі туындайтын модельдерін және жер сілкінісін болжау әдістемелік тәсілдерін кеңінен қолдану арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, еліміздің сейсмолог мамандарының, жергілікті жер қыртысының геологиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық, сейсмотектоникалық ерекшеліктерін ескере отырып жасақталған Солтүстік Тянь-Шаньда жер сілікінісінің туындау модельдері мен жер сілкінісін болжау нобайлары және кешенді деректерді талдау мен пайымдау әдістерін тікелей қолданады. Осындай үздіксіз атқарылатын кешенді жұмыстар нәтижесінде сейсмолог мамандар сейсмикалық қауіпті аудандарға арналған күшті жер сілкінісін болжау байламдарын жасайды. 

- Жақында болған жер сілкінісі кезінде Masalert жүйесі іске қосылмады. Себебі неде? 3-4 балды анықтайтын жүйені енгізу жоспарда бар ма?

- Жер сілкінісі туралы ақпаратты Masalert жүйесі арқылы қала тұрғындарына хабарлау - өкілетті орган, яғни Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құзырында. СБЗҰҒО ғылыми зерттеу мекемесі ретінде Masalert жүйесінің ғылыми әдістемелік негізін жасақтап, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне тапсырған. Сондықтан да туындаған жер сілкінісі туралы ақпаратты қала тұрғындарына хабарлау СБЗҰҒО міндетіне кірмейді. Ал өткен жолы жер сілкінісінде Masalert жүйесі іске қосылмауын Алматы қаласы ТЖД ол жүйенің туындаған жер сілкінісінің қарқындылығы 5,5 балл және одан жоғары болғанда ғана автоматты түрде іске қосылатынын түсіндірді. 3-4 балды анықтайтын жүйені енгізуге негіз жоқ. Себебі қарқындылығы 3-4 балл болатын жер сілкіністері халықаралық MSK-64 сейсмикалық шкаласына сәйкес қала тұрғындары мен қалада орналасқан үйлер мен ғимараттарға зиян тигізбейді.

- Жас ғалымдардың жобаларымен таныссыздар ма? Олардың стартап жобаларын қолдайсыздар ма?

- 2024 жылы республика жас ғалымдарға грант беретін бағдарламаларды қаржыландыруға бірнеше миллиард теңге жұмсады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, мемлекет осы мақсаттарға тағы қаржы бөлуді жоспарлап отыр. «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС жаңалықтарды үнемі қадағалап отырады. Өйткені бұл жастардың өздерін ғылыми жобаның жетекшісі ретінде сынап көруіне, орындаушының шығармашылығы көрінетін зерттеу бөлігінің ғана емес, сонымен қатар іс қағаздарына қатысты әкімшілік бөлімнің де қыр-сырын түсінуге, іс қағаздарын жүргізуге, сметаларды есептеуге, есептерді дайындауға және т.б. мәселелерді меңгеруге жақсы мүмкіндік. Бүгінгі таңда орталықта PhD бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп жатқан 8 қызметкер жұмыс істейді. Олар PhD теориялық курсын аяқтап, жеткілікті H-индексін алғаннан кейін, жоба жетекшісі ретінде конкурстар ережелерін, ғылыми этиканы бұзбай, өзінің ғылыми бағытын дамытуға құқығы болады. Жас ғалымдардың шығармашылығы мен ғылыми әлеуетін дамыту үшін бұл мақсатты қаржыландырудың маңыздылығы зор. Сонда ғана білімді де, білікті жас ғалымдар Отанымызға лайықты қызмет етіп,болашақта Қазақстанды әлемдік ғылыми аренада лайықты таныта алады. Сондықтан стартап-жобалар туралы ақпарат кез келген ғылыми ұйымдар үшін барлық платформаларда және әртүрлі салаларда, тіпті, мысалы, сейсмология саласының жас ғалым мамандарына да қолжетімді болуы керек.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы