5-10 жылдан кейін балалар «Абай жолын» ұқпайды – Назгүл Қожабек

23 Қараша 2022, 16:03
2717
Бөлісу:
5-10 жылдан кейін балалар «Абай жолын» ұқпайды – Назгүл Қожабек
Фото: автордан

Медиатренер, редактор, «Калькасыз қазақ тілі» Telegram арнасының авторы Назгүл Қожабек «Ұлттық идеология және ...» жобасына сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

«Ұлттық идеология және қазақ тілі» тақырыбындағы сұхбатта маманның мемлекеттік тіл мәселелерінің аясында білдірген батыл ой-пікірлері мен ұсыныстарын оқырман үшін топтастырдық.

Сөз – Назгүл Қожабектікі.

Білім, ғылым саласындағы қазақша контент қазақша емес

Тіл – ұлтты құрайтын адамдардың көкейіндегі және жинақтаған білімін сыртқа контент қылып шығаратын құрал. Ол қазір бізде екітүрлі: таза қазақша және орысша-қазақша. Мысалы, осы уақытқа дейін жасалған және қазір жасалып жатқан ұлт әдебиеті таза қазақша. Яғни ол контент біздің алдымыздағы, оның алдындағы ұрпақ сөйлеген қазақ тілінде жасалды. Одан кейін білім және ғылым саласындағы контент бар. Ол өкінішке қарай орысша-қазақша тілде жазылады. Оған біз ештеңе деп уәж айта алмаймыз, ол солай. Білім, ғылым саласындағы қазақша контент қазақша емес. Оны мойындауымыз керек. 

Біз бәрін аударып аламыз. Біз, қазақ халқы, ұлт ретінде әдебиет пен өнерден басқа дүниенің барлығын тұтынамыз. Өйткені азбыз, басқа халықтардағы білім, ғылым қоры бізде жоқ. Ғылымдағы жетістіктерді, басқа да жаңалықтардың барлығы бізге сырт жақтан келеді. Математиканы да тұтынамыз. Иә, математик ғалымдарымыз бар. Бірақ олардың өзі бұрынғы білімді жинақтап, тұтынып, одан кейін соған сүйеніп, өздері бір білім шығарады. Біз контент тұтынушы елміз. Оған ұялатын да, намыстанатын да ештеңе жоқ. Бірақ сол білімді сырттан әкеліп, қай тілде таратып жатырмыз? Иә, дау жоқ, қазақша. Бірақ ол қандай қазақ тілі?

Қазір екі қазақ бір-бірін түсінбей қалатын жағдайлар болады. Тіпті қазақша таза сөйлеп отырғанның өзінде біз қандай қазақ тілінде сөйлеп отырмыз? Тікелей орыс тілінің калькасы болып кеткен қазақ тілінде сөйлеп отырмыз. О баста орыс тілінің грамматикасына үлгі ретінде қарап отырып құрылған қазақ тілінің грамматикасы қазір мүлдем соның жетегінде кеткен.

Кезінде ұлттық идеология қалыптаспаған кездегі кемшілік шығар, 90-жылдар болды, 2000-жылдардың басы болды маман жоқ деді, контенттің бәрі орысша жасалды. Одан кейін барып қазақ есін жиып, «Мұның неге қазақшасы жоқ?» деді. Сөйтіп біз аударуға көштік. Аударғанда маман жоқ болды. Сонымен қойыртпақ қазақ тілі қалыптасты. Тасқа басылған контенттің жартысынан көбі қазақша, бірақ қазақша емес. 

Қазір тіл саласындағы ғылыми ізденістер, жұмыстар түрлі бағытта жүреді. Оның ішінде фонетикасы бар, орфографиясы бар, латын графикасы келеді деді. Латын графикасы да ұлттық идеологияның бір бөлшегіне айналды, деколонизация деді. Бірақ тілді басқа тілдің ықпалынан арылту тек фонетика, орфография немесе графика тұрғысында жүрмеу керек. Ол – жалпы тілдің мазмұнын аршу, тазалау. Иә, түрлі бағытта жұмыстар жасалып жатыр. Бірақ контент күйінде тасқа басылған мәтіндердің түзеліп, тазара бастағаны көрінбейді. Өйткені мектеп оқулықтарының, жоғарғы оқу орындарына арнап жазылатын оқулықтардың тіліне қойылатын нақты сүзгі жоқ. Мамандар әлі аз. Сондықтан қазіргі қазақ тіліндегі контентті қазақша деп айтуға әлі де келмей тұр. 

 

Қазіргі контентті тұтынып жүрген ұрпақ Әуезовты оқи алмай қалады

Қазіргі контентті тұтынып жүрген ұрпақ ертең Әуезовты оқи алмай қалады. Олар ол жақтағы сөйлем құрылысын, ол жақтағы грамматиканы, ол жақтағы морфологияны, ол жақтағы лексиканы түсінбейді, ұқпайды. Олар қазіргі контенттен бұл сөздерді оқып жүрген жоқ. Қазақ тілінің өзіне ғана тән сөйлем құрылысын, өзіне ғана тән сөзжасамды, өзіне ғана тән сөздерді тіркестіру амалдарын қазіргі балалар оқып жүрген жоқ. Қазіргі балалардың оқып жүрген мәтіндеріндегі грамматика тұтас орыс тілінің ықпалында. Орыс тілінде сөздер қалай байланысса, біз қазіргі контентте сөздерді солай байланыстырып жүрміз. Септік жалғауларының қазіргі қолданысына үйреніп кеткен бала кезіндегі мәтіндердегі дұрыс қолданысты түсінбейді, мойындамайды. Оларға ол қате болып көрінеді. Сөйтіп, біз ұрпақтың өзіміздің әдебиетімізді, мәдениетімізді түсіну жолын кәдімгідей тарылтып жатырмыз. 5-10 жылдан кейін балалар «Абай жолын» оқиды да, «Мынау не сөздер, сөздер неге бұлай байланысқан, бұл не сөйлем?» деп ұқпайды. 

Қазіргі мектеп бағдарламасындағы қазақ тілін үйрету жеткіліксіз. Одан кейін мұғалімдердің өзі сол калькаланған контентпен оқып шыққан. Иә, мектеп оқулықтарында «Абай жолынан» да үзінділер бар, басқа шығармалардан да үзінді бар. Бірақ ол үзінді ғана. Ал басқа контенттің барлығын, географиясын да, химиясын да балалар калькаланған тілде оқып жүр. Бәрі калькаланған. Яғни ол сіңе береді, сіңе береді. Бала радио тыңдай ма, калька тіл, газет оқи ма, калька тіл, бәрі калька. 

Мен сабақ бергенде көбінесе «Сіз даяшы, сіз дәмханаға келген мейман болыңыз» деймін. Сосын шай сұраңыз деп айтамын. «Шай беріңізші» дейді. Ары қарай сұрауын өтінемін. «Сізге сүтпен бе?» дейді. Осы қазақша ма? Қазақшасы: «Сүтті шай берейін бе, қара шай берейін бе?». Ал «Сізге сүтпен бе?» деген «Вам с молоком?» сұрағының калькасы.

Немесе қандай да бір тағам сұрайсыз, мысалы, «Бефстроганов беріңізші» дейсіз. «Сізге риспен бе?» дейді. Енді осы қазақша ма? Ал даяшылар – ауылдан келген қазақ балалар. Оларға «сүтпен шай» деген дұрыс емес десең, «Біз бәленбай жылдан бері солай айтып жүрміз ғой» дейді. Өйткені оған тасқа басылған контент арқылы сол сіңді. Ал біздің аналарымыз, әжелеріміздің «Сүтті шай ішесің бе?», «Шайға сүт қатайын ба?» дегенін ұмытып бара жатырмыз.

Менің байқайтыным, күріш деген сөзді көп адам рис деп айта салады немесе сәбіз деген сөздің орнына морковь деп қолданады. Кеше екі министрге сұрақ қойғанда біреуі дұрыс жауап берді. «Мен шайды қантсыз ішем» деді. Ал екіншісі «Мен қантпен ішпеймін, балмен ішемін» деді. Бұл – үлкен қате. Мектепте солай сөйлемеген бала, айта ма олай?

Бұл – әркімнің жауапкершілігі. Мен былай дер едім, ай аттары мен күн аттарын қазақша атаудың өзі – ұлттық идеологияның бір бөлшегі.  

 

«Құдай үшін, министрліктер, жаза беріңіздерші қазақша»

Біз неменеге әлі күнге дейін орысша хабарлар түсіріп жүргенімізді түсінбеймін. Қоятын кез болды ғой. Мен тіл тұрғысынан келгендегі ұлттық идеологияны солай бағамдаймын. Түркияда түрік тілінен басқа ешбір тілде контент жасалмайды, бағдарламалар түсірілмейді. Олардың радиосы басқа тілде сөйлемейді, газеті басқа тілде шықпайды. Ресейдің өзінде, автономияларын ескермегенде, орыс тілінен басқа тілде контент жасалмайды. Бірақ ол жақта да қазіргі тілмен айтқанда «1045» ұлт тұрады. Бірақ оларда контент тек қана орыс тілінде. Біз неге сондай батыл емеспіз? Қашан бізде контенттің барлығы қазақша болады? Кімнен айрылып қалудан қорқамыз? Кімнен қорқамыз, неден қорқамыз?

Неге біздің заңдарымыз қазақша жазылмайды? Ұлттық идеологияның бастауы – заңның қазақша жазылуы. Калькамен-ақ жазылсын, жөндеу қиын емес. Бірақ сол заңды жазатын коллегия отырып, заңдарды, бапты қазақша талқылап, жазып көрсінші. Екі заң деді ғой деймін қазақша жазылған. 3 заңы қазақша жазылмаған ұлттың қандай ұлттық идеологиясы болуы мүмкін?! Ал біз бірдеңесі дұрыс болмай қалады деп әлі қорқамыз. Орысша жазсақ, бәрін орын-орнына қойып, дұрыс жазамыз, одан кейін аудара салған оңайырақ қой деп. Неге?!

Кез келген мемлекеттік мекемеден шығатын хабарламалар бірнеше кезең бекітуден өтеді. Біреуі жөндейді, оның үстіндегі бастық «мына жері дұрыс емес» деп түзеп береді, оны жөндейді. Одан кейін жоғарғы бастық оған «мынау дұрыс» деп қол қояды да, бекітілген мәтін қазақ тіліне аударылады. Осындай кезеңдері бар және құжаттың орысша жазылуының бір факторы аралықтағы бір орынбасар немесе комитет басшысының қазақша дұрыс білмеуі болуы мүмкін. Яғни сол түсінсін деп хабарлама орысша жазылады. 

Құдай үшін, министрліктер, жаза беріңіздерші қазақша. Дұрыс болмаса, жөндеп аламыз, бірақ қазақша жазыңыздаршы. Ол, біріншіден, «Мен қазақпын және Қазақ елінің осы бір саласына жауапты адаммын, бір тұтқасын ұстап отырған азаматпын. Демек, мен қазақша жазуым керек» деген мойындау болар еді. «Саған керек пе, міне менің қызметкерім бар. Ол саған орысша аударып береді». Бізде қазір керісінше ғой.    

Қазақша жазуға бет бұрып жүрген мекемелер, әкімдіктер бар. Алдымен қазақша жазып, одан кейін қажетінше орысшаға аударатын. Ол қиын. Оған мидың, сананың құрылымын өзгерту керек, басқа бағытқа бұру керек. Мидың жұмыс істейтін бөліктерінің орындарын ауыстыру керек. Қиын, бірақ істеліп жатыр, бірақ жаппай емес.     

Біздің қоғамда, біздің елімізде қазір мемлекеттік тіл деген «для галочки». Министрліктер немесе қандай да бір мемлекеттік мекемелер қазақ тілінде ақпарат таратады. Қазақ тілінде ақпарат бермей отырған жоқ, беріп отыр. Заң талаптары сақталған. Бірақ мен оның қазақшасын ұқпаймын. Сонда ол менің тілім бе, халықтың тілі ме? Жоқ, ол – тек ресми органдардың «для галочки» тілі. Ол кімге керек? Одан қазақ тілінің қолданыс аясы кеңіп кетті ме? 

Түйін. Қазіргі қазақ тіліне қатысты проблема екеу. Ең алдымен, қазақ тілінің аясын кеңейту және аясы кеңейіп келе жатқан тілдің қалпын сақтау. Сапасыз тілдің аясын кеңейтіп алып, одан кейін ішін жөндей бастасақ, ол – зиян. Екеуі қатар жүруі керек. Қазір қазақша сөйлеуді, қазақша жазуды талап етіп жүрген тіл саласындағы қайраткерлер бар. Олардың қызметі бір бөлек. Онымен қоса, редакторлар, тілді зерттеп жүргендер бар, ол – іште жүрген топ. Осы екі топ үйлесімді, бір-бірін мойындап жұмыс істеу керек.    

Өзгелердің жаңалығы