42 500 теңге: Қызылордалық тұрғындар әлеуметтік көмекке қол жеткізуде

19 Сәуір 2020, 13:02
1385
Бөлісу:
42 500 теңге: Қызылордалық тұрғындар әлеуметтік көмекке қол жеткізуде

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі төтенше жайдайға байланысты Сыр өңірі тұрғындарының көбісі күнкөріс көзінен айырылды. Көптеген мекемелер қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болды. Алайда олар мемлекет тарапынан берілген әлеуметтік төлемге қол жеткізуде. Дәлірек айтсақ, осы көмекті алуға 200 мыңнан астам қызылордалық өтініш берсе, оның 99 мыңға жуығы 42 500 теңгені алып үлгерген.

Мәселен, облыс орталығындағы "Q-мед" клиникасының қызметкері Нұргүл Ерғалиева облыста карантин жарияланғаннан кейін ақысыз демалысқа шығып, әлеуметтік төлемге өтінім жолдаған. Көп ұзамай төлем де түсіпті.

Ақысыз демалысқа шыққанымызға 1 ай болды. Үйдеміз, карантин талаптарын орындап отырмыз. Бастапқыда жалақыдан қағылғанымызға аз-маз қиналдық. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен іске асқан мемлекеттік қолдау көңіліміздегі алаңды басты. Қазір табыссыз қалған адамдарға көп көмегін тигізіп жатыр. 3 бала тәрбиелеп-өсіріп отырған мен де сол қаражатты алдым. Осы ауыр кезеңде мемлекет халықтың еңсесін түсірмеу үшін бар мүмкіндікті жасауда, біз де ел басшыларына сенім артуымыз керек. Солай бірге қиындықты жеңеміз, - дейді Нұргүл Ерғалиева.

"Q-мед" клиникасының ақысыз демалысқа шыққан тағы бір қызметкері Светлана Колесникова да 42 500 теңгені алды.

Үйде үш адам тұрамыз, жолдасым, қызым және мен. Отбасымның атынан мемлекеттің бұл қолдауына алғыс айтамыз. Ақысыз демалысқа шыққаннан кейін осы әлеуметтік төлемді алуға өтініш берген едім, қаржы шотыма түсті. Ол ақша күнделікті азық-түлігімізге жетіп жатыр, - деді Светлана Колесникова.

Қызылорда қаласының тұрғыны Майра Бегімханова да мемлекеттік қолдауына дән риза. Ол өзінің Бекзат Маратұлы есімді студент ұлына 42 500 теңге түскенін айтады.

Елімізде төтенше жағдай орнағалы, көбіміз абдырап қалдық. Тіпті жұмыссыз, кіріссіз қалғандар да бар. Бірақ Үкімет көмектесті. 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы тағайындады. Менің ұлым ұлым Қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледжінде 3 курс оқитын. Оқып жүріп анда-мында жұмыс істейтін. 45200 теңгеге өтінім беріп еді, төлем түсті. Әне-міне төлейміз деп жүрген өзінің оқу ақысының 20 мың теңгесін өтеді, қалғанына "мама-ау, мынау үйге тамақ" деп бір пакет азық-түлік әкепті. Балам өсіп қалыпты ғой. Қиын-қыстау күнде бұл көмек біраз адамға жәрдем болды. Осы іске ұйытқы болған ел азаматтарына рақмет!, - деді Майра Бегімханова.

Ал 26 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны Темірбек Тәңірберген - жеке оқу орталығының қызметкері. Оқушыларға ағылшын тілінен сабақ береді. Алайда елімізде төтенше жағдай жарияланғанда жұмысы уақытша тоқтап, табыс көзінен айырылды.

Мен мұғаліммін. Бір ай болды, Қазақстанның көптеген азаматтары секілді үйдемін, карантин режимін сақтап жатырмыз. Әлеуметтік көмек беріледі дегенді ести сала жеке мәліметтерімді жібергенмін, міне, 4-5 күн болды шотыма түскеніне. Мемлекет халықты, халық мемлекетті қолдап, бірлікпен, абыроймен бұл өтпелі кезеңнен өтеміз деп ойлаймын, - дейді Темірбек.

Әлеуметтік көмек алғандардың қатарында көпбалалы ана Әсел Салқынова да бар.

Жақында күйеуім дүниеден озды. 5 бала тәрбиелеп отырмын, үлкенім студент. Мемлекеттен жәрдемақы аламын, жергілікті әкімдік азық-түлік те береді. Ал осы төтенше жағдай басталғаннан кейін бізге мешіт азық-түлікпен көмектесті. Енді 42 500 теңгеге алдым. Үйге қажет заттар, азық-түлік алдық. Карантин кезінде үйден шықпай отырған біз үшін бұл көмектің бағасы жоғары. Мемлекеттің осындай қолдауын көріп өскен балаларым болашақта елдің игілігіне жұмыс істейді деп сенемін, оларда келешекке деген үміт пайда болды, оларда "мемлекетке мен беруім керек" деген сана-сезім қалыптасады деп ойлаймын, - деді Ә.Салқынова.

Ал Қармақшы ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Анель Мұхтарбекова болса, өткен жылы желтоқсан айында жеке кәсібін бастаған еді. Кондитерлік өнімдерді пісіріп сататын. Тәтті торттарға тапсырыс алатын. Төтенше жағдайға байланысты жұмысы жүрмей, абдырап қалды. Ал мемлекет тарапынан әлеуметтік көмектің берілуі - қысылтаяңда оған үлкен қолдау болды.

Облыста жұқпалы індеттің таралуын тоқтату үшін күре жолдар уақытша жабылды. Қызылорда қаласынан тәттілерді пісіруге керек қоспаларды, өнімдерді алдыру енді мүмкін емес. Оның үстіне, жиын-тойға тыйым салынғасын тапсырыс та тоқтап қалды. Күнкөрісті ойлап көңілімді күдік жайлаған шақта 42 500 теңге туралы төлем берілетін белгілі болды. Үйде отырып-ақ телеграм канал арқылы өтініш жібердім. 3 күн дегенде жауап келді. Қуанып қалдым. Бәрінен бұрын мемлекеттің сындарлы кезеңде халқын қанатының астына алғаны қуантты. Ел екенбіз, тек ынтымақтан айырмасын, - деді жеке кәсіпкер.


Өзгелердің жаңалығы