4 жылда мемлекеттік сатып алу көлемі екі есеге ұлғайған

12 Наурыз 2021, 17:07
1696
Бөлісу:
4 жылда мемлекеттік сатып алу көлемі екі есеге ұлғайған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг басқармасы басшысы Данияр Якупов  AntikorNews алаңында өткен брифингте мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтты.

Ол атап өткендей, мемлекеттік сатып алу – бұл мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың негізгі құралы.

Соңғы 4 жылда мемлекеттік сатып алу көлемі екі есеге ұлғайған. Атап айтқанда 2017 жылы – 3,3 трлн теңге, 2018 жылы – 3,9 трлн теңге, 2019 жылы – 4,4 трлн теңге, 2020 жылы – 6,6 трлн теңге, - деді ол.

Оның сөзінше, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының біркелкі жүйесін болжауға болады.

Агенттіктің осы салада анықтаған сыбайлас жемқорлық қылмыстар санының айтарлықтай төмендеуі байқалады. Мысалы, 2017 жылы – 316, 2018 жылы – 369, 2019 жылы – 310, 2020 жылы - 283. Төмендеу көрсеткіші 2019 жылы байқалды, - деп түсіндірді Данияр Якупов.

Мониторинг басқармасы басшысы оған бірінші кезекте, заңнаманың жетілдірілуі және мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығының артуы себеп екенін айтты.

Белсенді жұртшылық өкілдерінің негізгі рөлін атап өту қажет. 2018 жылдан бастап елордада, ал 2019 жылдан бастап барлық өңірлерде жалпы сомасы 14,3 трлн теңгеден асатын 17 мыңнан астам жария ұйымдардың бюджеттеріне қолжетімділікті қамтамасыз ететін «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» «publicbudget.kz» ақпараттық порталы іске қосылды, - деп айтты ол.

Карта негізінде «Ашық бюджет» жобалық кеңсесі іске қосылды, оның шеңберінде азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатарынан өңірлік клубтар құрылды. Олар бюджет қаражатын тиімсіз және мақсатсыз пайдаланудың алдын алу бойынша қоғамдық сараптама жүргізеді.

Өзгелердің жаңалығы