Қазақстанның соңғы жаңалықтары

22 трлн теңгелік су қоймасы: Депутат министрліктің бюджетті тиімсіз жұмсауын сынға алды

18 Маусым 2025, 13:42
710
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Мәжілістің жалпы отырысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәселе Қызылорда облысының Шиелі ауданында су қоймасын салу жобасы туралы болды.

Оның айтуынша, жоба-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеуге бюджеттен 56 миллион теңге жұмсалған, ал 2022 жылы қосымша тағы 28 миллион теңге бөлінген.

Жобаға түзету жүргізу барысында оны іске асыру үшін шамамен 22 трлн теңге қажет болатыны анықталды. Қайталап айтамын 22 трлн теңге. Бұл бюджет жоспарлауының басқарылуы мен шынайылығына қатысты үлкен сұрақтар туындатады. Сонымен қатар, жүргізілген зерттеулер экожүйенің тұрақтылығына кері әсерін тигізуі мүмкін елеулі экологиялық қауіптерді анықтады. Соның нәтижесінде жоба орынсыз деп танылып, іс жүзінде тоқтатылды,– деді депутат.

Осыған байланысты депутат экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиісті алдын ала сараптамадан өтпеген жобаға бюджет қаражатының жұмсалғаны үшін кім жауапты екенін сұрады.

Депутаттың сұрағына Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жауап берді.

Министрдің айтуынша, су қоймасын салу жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу 2017 жылы Қызылорда облысы жергілікті атқарушы органдарының бастамасымен басталған. Жобаның бастапқы құны 1,9 миллиард теңге болған.

2020 жылы Су шаруашылығы комитеті жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастаған. Осының аясында жобалау ұйымына 28 миллион теңге көлемінде аванс төленген.

2023 жылы техникалық-экономикалық негіздемеге түзету енгізу барысында Қызылорда облысының жергілікті инспекциясы жобаның құны шамамен 22 триллион теңге болатынын көрсеткен. Осыдан кейін жобаны іске асыру орынсыз деп танылып, ЖСҚ әзірлеу жұмыстары тоқтатылған.

Бүгінде Су ресурстары комитеті жобалаушы ұйымнан төленген авансты қайтару үшін сотқа талап-арыз берді. Мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін министрлік жанынан ғылыми-техникалық кеңес құрылды. Оның құрамына су саласының мамандарынан бөлек, өзге де сала өкілдері енді. Биылдан бастап ғылыми-техникалық кеңестің қорытындысы шықпай жатып, бірде-бір жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленбейді, – деді министр.

Өзгелердің жаңалығы