Қазақстанда тыңайтқыш өндірісінің көлемі 2030 жылға қарай 4 миллион тоннаға дейін жеткізіледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, агрохимия саласы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше стратегиялық маңызға ие. Осыған байланысты жергілікті егіншілерді отандық тыңайтқыштардың негізгі түрлерімен – азот, фосфор және калиймен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Қайта жаңарту мен жаңа жобаларды іске асыру арқылы тыңайтқыштар өндірісі 2030 жылға дейін 4 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Сонымен бірге карбамид пен калий хлориді сияқты тыңайтқыштардың жаңа түрлерін шығару да көзделуде, – дейді Ерсайын Нағаспаев.
Министр атап өткендей, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында салада оң динамика байқалды: өндіріс көлемі 12,5%-ға артып, 406 миллиард теңгені құрады. Жыл соңына дейін жалпы өсімді 5 пайызға арттыру көзделген.
Бұл көрсеткіштерге жету үшін биыл іске асырылатын бірнеше маңызды жоба бар. Атап айтқанда, полипропилен өндірісі 32%-ға, натрий цианиді – 15%-ға, ал тыңайтқыштар мен фосфор өндірісі 13%-ға ұлғайтылмақ.