2023 жылы Қазақстаннан шетелге қандай әуе рейстері ашылады?

1 Қаңтар 2023, 16:42
1685
Бөлісу:
2023 жылы Қазақстаннан шетелге қандай әуе рейстері ашылады?

Республикада жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға мүмкіндік беретін «ашық аспан» саясаты одан әрі іске асырылып, әлемдік қаржы орталықтарымен тікелей әуе қатынастарын ашу жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Премьер-министрінің сайтына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Астанадан Дохаға, Ақтау мен Шымкенттен Анкараға, Алматы мен Ақтаудан Мединаға, көктемгі-жазғы навигация кезеңінде: Астанадан Бакуге және Шымкенттен Душанбеге рейстер ашылады деп күтіледі.

Астана, Алматы, Ақтау, Түркістан және Атыраудан Ыстамбұлға, Астана мен Алматыдан Антальяға, Алматыдан Баку, Тбилиси, Пхукет және Малеге рейстерді ұлғайту жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, Алматыдан Пәкістанға – Карачи мен Лахорға рейстер ашу, Алматы – Дели бағыты бойынша Үндістанға, Алматы – Чэнду бағыты бойынша Қытайға, Алматы – Лондон бағыты бойынша Ұлыбританияға, сондай-ақ Алматыдан Бодрум, Батуми, Ираклион, Подгорицаға және Астанадан – Тбилиси мен Подгорицаға орындалатын рейстер санын арттыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Астана – Бішкек, Ақтау – Ереван, Алматы – Самарқан, Шымкент – Кутаиси бағыттары бойынша рейстер қайта ұша бастайды деп күтіледі.

Air Asia Х малайзиялық лоукост-әуекомпаниясы көктемгі-жазғы навигация кезеңінде Куала-Лумпурдан Алматыға, ал Thai Air Asia әуекомпаниясы Бангкоктан Алматыға ұшуды жоспарлап отыр.

Qeshm AIR әуекомпаниясы «ауа еркіндігінің» 5 дәрежесін пайдалана отырып, Алматы – Токио бағыты бойынша ұшуларды орындауды бастауды жоспарлауда.

Air Astana әуекомпаниясы орта мерзімді перспективада Алматы – Тель-Авив бағыты бойынша Израильге аптасына екі рет тұрақты рейс орындау мәселесін пысықтауда.

Өзгелердің жаңалығы