19 жастағы Кирилл Проходов Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды

24 Қыркүйек 2026, 15:15
АВТОР
 Туризм және спорт министрлігі 24 Қыркүйек 2026, 15:15
24 Қыркүйек 2026, 15:15
85
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстандық шпагашы Кирилл Проходов Аичи–Нагояда (Жапония) өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Шпагамен семсерлесуден ерлер арасындағы жекелей сында 19 жастағы отандасымыз финалда әлемнің ең мықты спортшыларының бірі, жапониялық Коки Каномен кездесті. Тартысты өткен шешуші бәсекеде Проходов екі дүркін Олимпиада чемпионына 13:15 есебімен есе жіберді. Финал тағдырын небәрі екі ұпай шешті.

Коки Кано — Токио-2020 Олимпиадасының командалық сындағы және Париж-2024 Олимпиадасының жекелей сындағы чемпионы. Сондай-ақ Париж Олимпиадасында командалық жарыста күміс жүлде иеленген.

Кирилл Проходовтың небәрі 19 жасында Азия ойындарының финалына дейін жетіп, Олимпиада чемпионымен соңына дейін тең дәрежеде тартысуы — жас қазақстандық спортшының жоғары әлеуетін көрсететін нәтиже.

Жүлдеге жету жолында Проходов бірқатар мықты қарсыласты жарыс жолынан шығарды. 1/8 финалда Қытай Тайбэйінің өкілі Илу Гастон Гийомоны 15:14 есебімен жеңсе, кейін Азияның екі дүркін чемпионы қытайлық Лань Минхаодан 15:7 есебімен басым түсті.

Айта кетейік, Кирилл Проходов — 2026 жылғы Азия чемпионатының командалық сындағы жеңімпазы. Сол құрлықтық додада Қазақстан құрамасы финалда Жапонияны жеңген болатын. Сол кездесуде Проходов Коки Каноны 9:5 есебімен ұтқан еді.

Азия ойындарының күміс жүлдесі — жас қазақстандық шпагашының спорттық мансабындағы ірі жетістіктерінің бірі.

Айта кетейік, бұған дейін Владислав Яковлев пен Иван Чернухин академиялық ескек есуден Азиада-2026-да топ жарды.

Сондай-ақ, Абдурашид Абдуллаев – ушудан Азия ойындарының күміс жүлдегері, ескекшілер Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая Азиадада күміс медальға ие болды, ескекшілер Сергей мен Тимофей Емельянов Азиаданың қола жүлдесін жеңіп алды.

 

Наверх